Павлодарлық балалар «ң» дыбысынан неліктен қашқақтайды?
Ай сайын логопед-дефектолог мамандарына 8-12 бала бұл мәселені шешу үшін жүгінеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһарда облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Тіл. Мәдениет. Білім – жастардың рухани қуаты» жастар форумында тіл саласының мамандары, жоғары оқу орындарының ұстаздары бүгінгі балалардың «ң» дыбысын дұрыс айта алмау мәселесін талқылады. Жиында бұл құбылыстың жиілеп кетуіне мамандар өз алаңдаушылықтарын білдірді.
– Байғұс қазақтың «ң» әрпінен айырылып қаламыз ба деп қорқамын. Төрт баланың әкесі ретінде мен мұны көріп жүрмін. Екі үлкен балам «ң» әрпін айта алады, бірақ екі кіші балам айта алмайды. Үйде біз мемлекеттік тілде сөйлесеміз. Сонда да кейде «ң қайда жоғалып кетті?» деп ойланамын, – деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысы Медет Тауасқан.
Осы орайда @Pavlodarnews.kz тілшісі логопед-дефектолог маманмен тілдесіп, бұл мәселенің шығу жолдарын сұрастырып көрді. Ол шаһар балалары арасында «ң» дыбысының айтылмау жағдайы соңғы жылдары жиілегенін растады. Атап айтқанда, ай сайын 8-12 бала тек «ң» дыбысын түзетуге жүгінеді.
– Қазіргі балалардың көпшілігі орыс тіліндегі мультхикаялармен, орысша балабақшаларында тәрбиеленуде. Орыс тілінде «ң» дыбысы жоқ, сондықтан бала автоматты түрде оны «н»-ға ауыстырады, – деді логопед-дефектолог, «Бал-Бала» логопедтік бағыттағы тек қазақ тіліндегі бірінші орталықтың негізін қалаушы Азиза Амангельдиева.
Оның айтуынша, төрт жасқа дейін балада дыбысты айта алмау қалыпты саналғанымен, бес жасқа дейін дыбыс түзелмесе, онда мамандарға жүгіну міндетті.
– «Ң» – күрделі дыбыс. Жұмсақ таңдай көтерілуі, тіл түбінің дұрыс позициясы қажет. Бұл аймақтар әлсіз болса, дыбыс мұрыннан емес, ауыздан шығып кетеді, – деді логопед-дефектолог.
Маман ата-аналарға тиімді жаттығуларды атап өтті. Алдымен жұмсақ таңдайды көтеру керек. Ол үшін кең есінеу, «аң-аң» жаттығуларын орындау қажет. Сонымен қатар, мұрын резонансын қосу, «ң» дыбысынан мұрынға ауа бағыттау, айна алдында артикуляцияны бақылау, тіл түбін бекітетін жаттығуларын орындау ұсынылады. Жаттығулар қысқа, бірақ күнделікті болуы маңызды. Оның сөзінше, күніне бес минут жеткілікті.
Жастар форумында талқыланған «ң» дыбысының жоғалуы мәселесі – жеке отбасының емес, тұтас тілдік ортаның мәселесі екенін көрсетті. Осылайша тіл саласының мамандары қазақ тіліндегі орта қалыптастыру, артикуляция жаттығуларын уақытында бастау және баланы мектепке дейін логопедке көрсетудің маңызын тағы бір мәрте атап өтті.