Самаурынмен шай: Аққулыда көпбалалы ана грант алып, дәмхана ашты
Әдия Айтқұлова бес жыл бойы үйден кәуап сатумен айналысқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бес баланың анасы әрі қарай жеке кәсібін дамыту мақсатында мемлекеттік қолдау шараларына жүгінеді. 2022 жылдың мамыр айында құжаттарын жинап, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 1 млн 380 мың теңге көлемінде грант алған.
– Бұл сомаға жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алдық. Бұдан бөлек, жолдасым екеуміз 1,5 млн несиеге аудан орталығынан дүңгіршек пен дәмханаға арналған үй-жай алдық. Біздің басты ерекшелігіміз – тағамды далада қазанда дайындаймыз, шайды самаурында қайнатамыз. Бұдан бөлек, тапсырыс бойынша хот-дог, бургер, донер дайындаймыз, – деді Әдия Айтқұлова.
Сондай-ақ қыс мезгілінде келушілерге жайлы жағдай жасау мақсатында жергілікті әкімдік тарапынан орталықтандырылған жылу жүйесі бар үй-жай бөлінген. Жолдасы Медет Айтқұлов аудан орталығындағы жалпы білім беру мектебінде дәне тәрбиесінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Отбасы бес бала тәрбиелеп отыр. Олардың үлкені Павлодар қаласында Б. Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледждің екінші курсында оқиды, ең кішісі – тоғыз айлық.
Кәсіпкер осымен шектеліп қалмай, болашақта ауданда қонақ үй ашуды жоспарлап отыр.
– Аудан орталығына түрлі шараларға жан-жақтан адамдар келіп жатады, алайда орналасатын қонақ үй жоқ. Сондықтан болашақта кәсібімізді әрі қарай дамытып, қонақ үй ашу жоспарда бар, – дейді кәсіпкер.
Аққулы ауданы мансап орталығы басшысының м.а. Әсемгүл Балтабаеваның айтуынша, Әдия Айтқұлова 2023 жылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша курстарда кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтті. Әрі қарай жоба комиссия мүшелерінің алдында сәтті таныстырылғаннан кейін мемлекеттік грант берілген.
2023 жылы Аққулы ауданына халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалпы сомасы 30,360 мың теңгеге 22 грант беруге квота бөлінген. Бүгінгі таңда 15 адамға 400 АЕК мөлшерінде мемлекеттік гранттар берілген. Оның ішінде 12 қатысушы – мал шаруашылығына, үш қатысушы қажетті жабдыққа алған. Бағдарламаның барлық қатысушылары ЖК ретінде тіркелген.
Айта кетерлігі, ауданда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 72 адам оқудан өткен. Ағымдағы жылдың 11-21 қыркүйегінен бастап мемлекеттік грант алуға өтінімдерді қабылдау басталады.