Павлодар қазақ театры жаңа маусымының шымылдығын ашты
Сахнада Шәмші Қалдаяқовтың тағдыры назарға ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының 36-шы маусымы ашылды. Театр ұжымы жаңа маусымды «Шәмші» спектакль-концерт жанрымен бастады.
Аталмыш қойылым ән өнерінің падишасы Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған. Ұлы композитор әндерінің шығу тарихына баса назар аударылып, қазақ вальсінің королі Шәмшінің жалпы ән өнеріндегі тұлғасы жаңаша форматта сахналанады. Қойылымдағы әр әнге арнайы би қойылып, музыкалық үлкен туындыға айналды.
– «Шәмші» қойылымымен сахна шымылдығын, жаңа маусымды ашуға ұйғырдық. Себебі аталмыш спектакльде барлық ұжым дерлік түгел қамтылған. Басты рөлді ойнайтын Бейбіт Шәнім ағамыз бен Бауыржан Егінбай қойылымды ашты. Алдағы уақытта ұйымдастырылатын «Ертіс Баян» І республикалық театрлар фестивалі – осы маусымның жауһары деп білеміз, – дейді Ж. Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының көркемдік жетекшісі Әділет Ақанов.
Бүкіл қазақ еліне ән салдырған Шәмші туындылары – қазақ өнерінің өшпейтін алтын қазынасы. Жалпы аталған жаңа спектакль орта және үлкен буын көрермендерге арналған. Шәмші рухына деген тағзым, құрмет, ән құдіреті келешек ұрпаққа осындай сахналық қойылымдар арқылы насихаттала бермек.
Қойылымның авторы – Нұркен Тұрлыбек, режиссері – Әділет Ақанов. Негізгі кейіпкерлер – Шәмші мен оның шабыты.
– Шәмші – басынан талай қиындықтарды көрсе де, оған мойымай, өмірін қазақты сусындатумен өткізген адам. Әнімен елітіп-тербетіп жазған әндері бүгінгі спектакльде айтылады. Ол – еркіндікті аңсаған адам. Сол туралы спектакль-концертте көрініс табады. Театрымыздың 36-шы маусымына халыққа көңіл-күй, әнмен шашу шашқалы болғандай тұрмыз, – дейді басты рөлді сомдаған белгілі актер, ҚР мәдениет қайраткері Бейбіт Шәнім.
Әртістер театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен композитрдің танымал әндерін шырқады. Барлығы 19 ән орындалды.
– Барлық көрермендерді, театр ұжымын жаңа маусымның ашылуымен құттықтаймын. Ұжымымыз үлкен жетістіктерге жетсін, көрермендер көп болсын, жақсы тілектер мен спектакльде жолыққанша, – деді театр әртісі Гүлжанат Омарова.
Спектакль-концерттің премьерасы биылғы жылдың мамыр айында болған. «Шәмші» спектакль-концерті сазгердің халық аузынан түспейтін, классикаға айналған шығармалары қалай дүниеге келді деген сұраққа жауап қайтарады.
Сондай-ақ, Шәмші туралы туынды жазылмастан бұрын көп ақпарат жиналған. Қойылым сазгердің ішкі дүниесін, болмысын, ойы мен арманын жеткізуге бағытталған. Биыл театрда ата-ана мен бала тақырыбында көптеген үлкен жаңа қойылымдар ұсынылады. Оған ұжымның дайындығы да жоғары.
Айта кетейік, 20-25 қыркүйек күндері Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына орай Павлодарда алғаш рет «Ертіс Баян» І республикалық театрлар фестивалі ұйымдастырылады.