Павлодарлық бишілер «Dance World» байқау-фестивалінде топ жарды

Би студиялары жоғары кәсіби дайындық пен шеберліктерін көрсетіп, бірнеше жүлдеге ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Блэйз» және «Тип-топ» эстрадалық би студиялары Павлодар қаласында өткен республикалық кәсіби «Dance World» байқау-фестивалінде өздерінің керемет өнерлерін паш етті.
Байқау-фестиваль хореографиялық өнердің мәртебесін көтеру және би өнерін жоғары кәсіби деңгейде көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Түрлі шығармашылық ұжымдар «Халық биінің стилизациясы», «Заманауи би», «Эстрадалық би» сынды номинациялар бойынша бақ сынасып, өз өнерлерін ортаға салды. Барлық номинацияларда өнер көрсеткен ұжымдардың арасында жоғары сынып оқушылары ерекше көзге түсті.
Байқау нәтижелері бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді:
- Гран-при – «Блэйз» эстрадалық би студиясы, «Свет заветной звезды» би нөмірі;
- 1 орын – «Блэйз» эстрадалық би студиясы, «Қуаныш би» нөмірі;
- 1 орын – «Тип-топ» эстрадалық би студиясы, «Самал жел» нөмірі;
- 2 орын – «Тип-топ» эстрадалық би студиясы, «Однажды» нөмірі.
Байқаудың қорытындысы бойынша жеңімпаз ұжымдар кубоктармен және дипломдармен марапатталды, ал студия жетекшілеріне алғыс хаттар табысталды.
Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Блэйз» және «Тип-топ» студияларының «Dance World» байқау-фестиваліне қатысуы олардың жоғары кәсіби дайындық деңгейін айқын көрсетті. Қазанған марапаттар ұжымдардың шығармашылық әлеуетін, табандылығы мен шеберлігін, сондай-ақ жетекшілердің біліктілігін дәлелдейді. Бұл жетістіктер ұжымдардың республикалық деңгейдегі беделін нығайтып, жаңа шығармашылық жеңістерге жол ашады.