Павлодарда «Ертіс толқындары» әдеби бірлестігінің тұсауы кесілді

Павлодарда «Ертіс толқындары» әдеби бірлестігінің тұсауы кесілді
Фото: Торайғыров университетінің баспасөз қызметі

Торайғыров университетінде «Жалғыз өлең – жан сырым» атты поэзиялық жыр кеші өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шараны студенттер ұйымдастырды. Кештің шымылдығын жырдан шашу шашып, «Ертіс толқындары» атты жаңадан құрылған әдеби бірлестік ашты. 

– Бүгінгі алғашқы кешіміз жоғары деңгейде өтті деген ойдамын. Бұл кешке тек біздің университеттің жастары ғана емес, басқа да студенттер келді. Әдеби бірлестігіміз жаңадан ашылып, енді ғана ауқымын кеңейтіп келе жатыр. Десе де, ұйымға әлі де студенттерді қабылдау үстіндеміз, – дейді «Ертіс толқындары» әдеби бірлестігінің мүшесі Жанболат Абайхан. 

Жиынға Марғұлан университетінің студенттерінен құрылған «Құс қанат ғұмыр» бірлестігінің жастары да қатысты. Жас ақындар өз өлеңдерін оқып, жырларымен бөлісті. Бірлестікті құрған Нұрсерік Еділбайұлы көрерменге махаббат тақырыбында өлең оқып, жүректерін елжіретті. 

Жастардың өнерін  Павлодар қаласының құрметті азаматы, ақын, айтыскер Шолпан Байғалы мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жергілікті жас ақын, жуырда Сергей Есениннің өлеңдерін қазақ тіліне аударған кітабы Мәскеудегі Есенин атындағы мәдениет орталығындағы көрмеге қойылған Еламан Қабдыләшім келді. 

– Әдеби бірлестіктің тұсаукесерімен құттықтаймын! Бұл балалардың өлеңдерін тыңдап отырып, болашақты көргендей болдым. Кешті өлеңмен өрнектеп, жырдан шашу шашқан қыздарға қарап отырып, жастық шағымды еске алдым, – дейді Шолпан Байғалы. 

Іс-шараның соңында актерлік шеберлік мамандығының студенттері Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасын орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. 

Айта кетерлігі, кеш Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының қолдауымен өткізілді.