Павлодарда жайдарманда ине шаншар орын болмады
Қалалық жайдарманның үшінші кезеңі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Торайғыров университетінің сахнасына көрермендерін сағындырған жайдарман қайта оралды. Аталмыш ойынның үшінші кезеңінде алты команда өнер көрсетіп, бақ таластырды. Республикалық жайдарман ойындарының премьер-лигасында ойнап жүрген «Андриановка» құрамасының капитаны жоғары лигаға үмітті екендерін атап өтті.
– Бүгінгі таңда Астана қаласының лигасында өңіріміздің намысын қорғап жүрміз. Астанадағы ойындарымыз сәтті өтіп, финалдық кезеңге өттік. Келесі маусымда жоғары лигада өнер көрсетеміз деген ойдамыз, – дейді Алмаз Сәлденбеков.
Жергілікті әзілкештердің ойыны жекпе-жек форматында өтуде. Бұл кезеңде «Андриановкаға» қарсы «TOU», «One house» командасы мен «Kundelik.kz», «Nizam» құрамасына қарсы «Ақбота Аманкелдінова» командасы ойнады.
Көрермендердің бұл ойынды сағынғаны залда ине шаншар жер болмағанынан байқалды. Залдағы орын жетпегендігіне байланысты көрермен ойынды тұрып тамашалады.
Ойын қорытындысы бойынша, келесі кезеңге «Андриановка», «TOU», «Kundelik.kz», «Nizam» құрамалары өтті. Қазылар алқасының шешімімен қосымша «One house» құрамасы алынды. Өкінішке орай Екібастұз қаласынан келген «Ақбота Аманкелдінова» құрамасы осы ойынмен биылғы маусымды аяқтады.
Еске сала кетейік, республикалық жайдарман ойындарының премьер-лигасында «Андриановка» құрамасы фаворит командаларды үлкен есептік ұпайлармен жеңіп, финалдық кезеңге өтті. Демеушінің жоқтығына байланысты соңғы екі ойынға өз қаражаттарынан миллион теңгеге жуық қаражат жұмсаған. Бүгінде олар әлі де демеуші іздестіру үстінде.