Павлодарлық батыр туған жеріне екі мәрте жол тапты

Павлодарлық батыр туған жеріне екі мәрте жол тапты
Фото: Әскери даңқ музейінен

Әскери даңқ музейінде ерекше тарихи әрі рухани мәні бар іс-шара өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Салтанатты жағдайда Сейдахмет Жасыбаевтың соңғы шайқас өткен жердің топырағы мен оған тиесілі жеке заты – аты жазылған қасық – оның немересі Сағит Жасыбаевқа табысталды.

Бұл оқиға – ерлікпен қаза тапқан жауынгердің тағдырын жаңғыртқан терең мәнді тарихтың жалғасы болды.

Сейдахмет Жасыбаев 1914 жылы Қазақ КСР-інің Жамбыл облысы, Мерке ауданы, Ойтал ауылында дүниеге келген. 1939 жылдың қазан айында майданға шақырылып, Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарында қатардағы жауынгер ретінде шайқасқан. Алайда 1941 жылдың желтоқсанында із-түссіз жоғалды деп танылған. Оның тағдыры ондаған жылдар бойы беймәлім болып келген.

Ардагердің оралу тарихын «Майдан жолы» іздестіру отрядының командирі Александр Шитов баяндап берді.

–  Соғыс пен соғыстан кейінгі аштық жылдарында миллиондаған «із-түссіз кеткендердің» отбасылары азап пен мұқтаждық көрді. Олар жылдар бойы іздеу жүргізіп, түрлі мекемелерге хат жазды, бірақ «іс-түссіз жоғалып кетті» деген бір ғана жауап алатын. Бұл сөз олардың санасында ауыр таңба болып, кейде тұтқынға түсті не сатқындық жасады деген күдік тудырды, –  деді Александр Шитов. 

Салтанатқа Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебінің курсанттары, Инновациялық Еуразия университетінің жоғары колледжінің студенттері мен ұстаздары, сондай-ақ Павлодар облысының ардагерлері мен қоғам белсенділері қатысты.

Іздеу топтарының жанқиярлық еңбегі мен бейжай қалмаған азаматтардың арқасында батырдың есімі ондаған жылдардан кейін қайта жаңғырды.

2021 жылдың мамыр айында Ленинград облысының Кириши ауданы, Дубовик қыратында орналасқан аймақта «Высота» (Кириши қ.) және Григорий Булатов атындағы (Киров қ.) іздестіру отрядтары Қызыл Армия сарбаздарының санитарлық жерлеу орнын тапқан. Сол жерден – біздің жерлесіміз Сейдахмет Жасыбаевтың медальоны табылған.

Медальон жақсы сақталып, жауынгердің жеке деректерін анықтауға мүмкіндік берген. Батыр әскери құрметпен жерленді.

Кейін Павлодарлық «Майдан жолы» тобы медальонды қабылдап, батырдың туыстарымен байланыс орнатты. Осылайша, Астанада тұратын немере інісі Сағит Жасыбаев алғаш рет өз атасының тағдырын білді.

Ал үш жыл өткен соң, тағдыр тағы да белгі берді. «Поиск» іздестіру отрядының мүшесі Николай Куприянов Сейдахмет Жасыбаевтың аты қашалып жазылған қасықты тапқан. Бұл зат жауынгердің қаза тапқан жерінен небәрі 60 шақырым қашықтықта табылған.

Қарапайым қасық – үнсіз куәгер. Ол ондаған жылдардан соң батырдың есімін тағы да туған жермен және оны еске алатын ұрпағымен байланыстырды.