Екібастұзда оқушылар қисса, желдірме, терме үйренеді
Кеншілер қаласында алғаш рет дәстүрлі қисса, жыр айту өнерін меңгеруге бағытталған «Ән-Қисса» атты үйірмесі ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жетекшісі Жайдар Шұнанның айтуынша, үйірменің мақсаты – ата-бабаларымыздың ұлттық мұрасының бірі домбыра және ұлттық салт-дәстүрді, дәстүрлі ән, терме, желдірме, айтуды балаларға үйретіп, жас ұрпақты адамгершілікке, имандылыққа, инабаттылыққа тәрбиелеу. Бабалардан қалған ұлағатты, ғибрат аларлық сөздерді өскелең ұрпаққа жеткізу, сол сөздерден өнеге алуға баулу.
– Екібастұздық оқушылардың Бұқар жыраудың салиқалы сөздері мен Мәшһүр Жүсіп ғұламадан қалған насихатты әуенмен қоса орындалуы өзіндік бір жетістік деп білемін. Бұл жерде атап өтерлігі, Арқаның ұмыт болған ізгі дәстүрі қисса, желдірме, термелерін өз мәнерінде орындауды қайта жаңғырту еді. Сондықтан бұл өнер түрін меңгеретін қатысушылардың талаптарыңа нұр жаусын! – деді қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Медғат Манапов.
Үйірменің ашылуына жиналған қауымға жасөспірімдер Мәшһүр Жүсіптің «Исабек Ишанды жоқтауы», Қалқаның әні «Қалқа», Бұқар жыраудың толғауы, Майраның әні «Майра», халық әндері «Күміс құмған-ай», «Құралай» әндерін орындап, керемет көңіл-күй сыйлады.
Үйірмені қолдауға қаланың қоғам белсенділері мен тіл жанашырлары да қатысып, ыстық лебіздерін білдірді.
Айта кетерлігі, үйірмеге 8-15 жас аралығындағы ән өнеріне талпынысы бар оқушылар қабылданады. Оқушылар жас ерекшелігіне қарай деңгейлі топтарға бөлініп, қисса, желдірме, терме үйренеді.