Павлодарлық қойылым «Жылдың өңірлік спектаклі» номинациясына үміткер
«Tiketon awards-2024» биылғы жылы да үздіктерді анықтайтын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының репертуарындағы Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» қойылымы «Жылдың өңірлік спектаклі» номинациясына үміткер болып отыр.
Режиссері – Жангелді Садықов. «Жәмила» қойылымын қолдап, www.award.tiketon.kz сайтына кіріп, аталған номинация бойынша дауыс беруге болады.
Ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» повесінің желісі бойынша сахналанған қойылымда мөлдір махаббат пен шынайы сезім көрініс тауып, қайсар Жәмиланың тағдыры бейнеленеді. Ауыр жылдардың жаңғырығы әйел болмысына ойран салып, тағдырын шимайласа да жүрегінің үзілмеген әні үмітіне дем берді. Жәмиланың жаны ақ бұлттан жаралғандай кіршіксіз болса, мейірімі күннен таралғандай сәуле тәрізді.
Табиғаты сыршыл, ақын жанды Жәмиланың сезімі мен сенім биігінде жолыққан Даниярдың махаббаты жарыққа жетелейді. Қараңғылықтан арашалады. Қос ғашық сөздеріне берік, сезімдеріне адал бола біліп, жарқын болашаққа қадам басады.