Успенде Қытайдан қоныс аударған қандастар атаулы күндерді киіз үйде тойлайды

Успенде Қытайдан қоныс аударған қандастар атаулы күндерді киіз үйде тойлайды
Суретті түсірген Аңсар Тұрсын

Гүлзира Құдыш киіз үйдің қыр-сырымен жақсы таныс, деп хабарлайды@Pavlodarnews.kz тілшісі.

Балалық шағын Қытай елінде өткізген ол бертінгі жылға дейін отбасымен жазда жайлауға көшіп, қазақы үй тігіп келген. Успен ауданына 2017 жылы қоныс аударған әулет әлі күнге дейін атаулы күндері жаз мезгілінде киіз үйде атап өткенді жөн көреді.

–  Ол үшін ағаштан жиналатын киіз үйіміз де бар, – дейді ол. – Киіз үйдің күмбез тәріздес шаңырағынан бастап, қасиетті табалдырығына дейін әр алуан құрылымдық бөлшектері, үй жабдықтары түп-түгел қазақтың салт пен дәстүріне негізделіп жасалған.

Оның айтуынша, киіз үйдің сырты қаскөй тылсым күштерден қорғаушы ретінде арнайы конус және шеңбер пішінді жасалған. Себебі, ескі заманда бұрыштарда жаман дүние жиналады деген сенім қалыптасқан.

Бес бала өсірген Гүлзира Құдыш өзі ес білген кезінен бастап, жазда жайлауға шыққанда киіз үйде тұрған. Үлкен үш баласы да балалық шақтарынан киіз үйде тұрудың қандай екенін жақсы біледі.

–  Мысалы, киіз үйдің ауасы тәулік бойы табиғи түрде ауысып, ішкі ауа мен сыртқы ауа үзілмей жаңарып тұрады. Жарық сәуле шаңырақ пен есіктен кіріп, үйді жарқыратады. Үйдің тынысы кең болады. Бұл адамдардың мінезіне ерекше әсер етіп, көңіл күйін керемет ұстауда үлкен рөл атқарады. Денсаулығының мықты болуына мол септігін тигізеді, – дейді ол.

Киіз үйдің әрбір жабдығының ерекше маңыздылығы бар

Сықырлауық немесе жарма есік кереге шеңберін тұйықтап, киіз үйге кіріп-шығатын есік қызметін атқарады. Табалдырық пен маңдайшадан, қос босағадан және жарма беттерден құралады. Киіз үйдің басқа материалдары сияқты жиналмалы болады.

Кереге киіз үйдің негізгі қаңқасын құрайды. Керегенің әр ағашын «желі», ал керегелік желінің ең ұзынын «ерісін», қысқалауын «балашық», ең қысқасын «сағанақ» деп атайды. Керегенің көктеліп біткен әр бөлігін «қанат» дейді. Қанат саны (үш қанаттан бастап 12 қанатқа дейін) үй көлеміне қарай көбейе береді. Кереге басының санына қарай уық саны азайып, көбейіп отырады.

Уық – кереге басы мен шаңырақты ұстастыратын ағаш. Ол сәмбі талдан жасалады. Уықтың кереге басына байланатын жағы жалпақтау, имектеу болып келеді, мұны «уықтың иіні» деп атайды. Уықтың жоғары түзу жағын «қары», шаңырақ көзіне сұғынатын төрт қырлы ұшын «қаламы», уықтың кереге басына байланатын жағын тесіп, өткізетін бауын «уық бау» дейді.

Шаңырақ– киіз үйдің еңсесін құрап, тұтастырып тұратын күмбез. Оны көбіне тораңғыдан, сом қайыңнан иіп қиюластырады, қоспаларын жылтырауық металмен, күміспен құрсайды. Шаңырақтың дөңгелек шеңбері – тоғынға уық сұғынатын төрт қырлы көз – қаламдықтар теседі. Түндікті көтеріп тұру және киіз үйдің төбесіне жауын - шашын іркілмеуі үшін 45 градус шамасында айқастыра бекітілген ағаштарды «күлдіреуіш» деп атайды.

Киіз үйді қалай құрады?

Киіз үйді тігуге ауылдағы бар жастар ұйымдасқан түрде қатысады.

–  Ол үшін ең алдымен ауыл азаматы сықырлауықты құрып, ұстап тұрады. Одан соң оң босаға жақтан бастап кереге керіліп байланады. Ер азаматтар кереге құрып болған соң бақанмен шаңырақты ортаға көтеріп ұстайды. Сосын қыз-келіншектер уықты шаншып байлаймыз, – деді ол.

Киіз үй тігетін жерге қоралы қойды айдап шығады. Себебі, қой сол жердегі шөпті және шөппен қоса құрт-құмырсқаларды жейді. Қойдың келгенін сезген улы жыландар басқа жаққа кетеді. Үйдің сүйегін бір-бірімен ұластыру мақсатында бау-құрлар қолданылады. Екі керегенің сағанағын (жігін) кіріктіріп, таңғыш деген өрнекті жіңішке құрмен таңады. Керегенің басын сыртынан бастыра орап, қыл арқан (бас арқан) таңады, уықтарды ығып кетпеуі үшін шалмалап байлайды.

Дауыл кезінде шаңырақты салмамен басып тұру үшін өрнекті, төгілме шашақты желбауды шаңыраққа үш жерден байлап, керегеге асады, киіз үйге сәндік жиһаздық сипат береді.

Киіз үйдің ішін безендіру

Киіз үйдің ішін безендіру және әр туырлықтың кереге басына үйкелмеу үшін уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып тағатын, өрнекті жалпақ басқұр тағады. Керегеге үзіктің екі жиегінен екі немесе үш жерден айқастыра тартып, жалпақ үзік бау және туырлықтың керегеге тығыз жатуы және жел көтеріп кетпеуі үшін сыртынан бастырып буатын белбау (қыл арқан) салынады.

Киіз үйдің шилері кереге мен туырлық арасынан айналдыра тұтылатын шилер туырлықты кереге көгінің жылуынан қорғап, киіз үйдің сырт пішінін жұмырлай түседі.

Келіндер мен күйеу бала төрге шықпайды

Түндік шаңырақты, киіз есікті туырлық шетін бастыра жабылады. Түндіктің төрт бұрышына түндік бау байланады. Түндікті ық жақтан қайырып ашады, әйтпесе жел көтеріп, желпіп кетеді.

–   Киіз үйдің ішкі кеңістігі қазақ дүниетанымындағы ұлы ұғымдар бойынша орналастырылған. Есіктен кіргендегі оң жақ, төрде отырып қарағандағы сол жақ – үйдің «Оң жағы» деп аталады. Ол – ата-ананың орны. Сол жақ – тұрмыс құрмаған, үйленбеген ұл мен қыздың орны. Үй ортасы – ошақтың орны. Есіктен ошаққа дейінгі аралық – «Есік жақ», «Босаға жақ» деп аталады. Ошақтан төрге дейінгі аралық – «Төр» немесе «Төр жақ» делінеді, – дейді ауыл тұрғыны.

Сағынышқа айналған сәттерін еске алған ауыл тұрғынының айтуынша, үйдің айнала етегін «ірге», «үй іргесі» деп атайды. Қазақ бақ үйдің шаңырағында, босағасында, төрінде, от орнында, керегесінде, іргесінде, табалдырығында тұрады деп ырым етеді. Сондықтан үйдің сол бөліктерін таза, ретті етіп, аялап ұстайды.

Үйдің төрі қонақ күту, дастархан жаю, қонақтарға төсек салу, жүк жинау мақсатында пайдаланылады. Қазақ ғұрпында келіндер мен күйеу бала төрге шықпайды. Олай етсе, әдепсіздік саналады. Үйдің үлкендерін сыйламаған болып есептелінеді. Қазақ үйіне келген қонағына «Төрлетіңіз», «Төрге шығыңыз» деп ілтипат білдіреді. Төрге жүкаяқ, оның үстіне әбдіре (сандық) қояды. Әбдіреге көрпе-жастық, тағы басқа жүктерді жинайды.

Оң жағын қызартып келін түсіру

Киіз үйдің есігінен кіргендегі сол жағы, төрден есікке қарап отырғандағы,оңжағы– «Үйдің оң жағы» деп аталады. Оң жақ босаға ерлердің символы саналады. Қазақ дәстүрінде үйдің оң жағына ұл балалар, келген қонақтың ішіндегі жас жігіттер отырады. Оң жақ босағаға ер-тұрман, ат әбзелдері, бүркіт, киім-кешек, ағаш төсек орнатып, оның тұсына түскиіз ұстап, шымылдық кұрып, жаңа түскен келінді оң жаққа түсіреді. Сол себепті де «Оң жағын қызартып келін түсірді» деп те айтады.

–   Есіктен кіргендегі оң жақ, төрден есікке қарап отырғандағы сол жақ үйдің – «Сол жағы» деп аталады. Дастархан мәзіріне қатысты қазан-аяқ салатын аяққап, ыдыс-аяқ – саба, торсық, ожау, кесе, тостақ және тағы басқалары қойылады, осы араны шым шимен қоршап жауып қоятын. Асадал, кебеже де сол жаққа қойылады. Сондықтан үйдің сол жақ бұрышын «өреше» немесе «ырыс құт» деп атайтын, – дейді ол.

Қазақ киіз үйінің хақ ортасына от орны, ошақ орны орналастырылады. Бұл осы үйдің тұтас тіршілік тынысының символы болып есептеледі. қасиетті орын деп есептеледі. Сол үйдіңберекесін, бірлігін, тұрмыс-тіршілігін, байлық-бақытын ошағына, жанған оттан шыққан түтініне қарап бағалайды.

Киіз үйдің түрлері

Қазақтың киіз үйлері қолданылуына қарай негізгі үш түрге бөлінген: тұрғын үй қызметіндегі киіз үй, қонақ қабылдауға арналған той киіз үйі, жылжымалы киіз үй. Бұлардан басқа қойма және сарай орнына қолданылған асхана киіз үйі болған.

Киіз үй жабдықталуына қарай да ажыратылған. Оларды арбамен тасымалдау үшін бірнеше түйе қажет болған. Орташа жағдайы бар қазақтың киіз үйі де көлемі жағынан шағын келген әрі оларды бір түйемен тасымалдаған.

Қазақтың ақ үй, ақ орда, боз үй, отау үй деп аталатын қонақ үйлері көз тартар көркемдігімен ерекшеленген.

Ақ орда – қазақ феодалдарының, сұлтандарының халық шеберлеріне арнайы жасататын киіз үйі. Сондай-ақ қазақ халқының жас жұбайларға арналған отау үйі де жасауға бай және сәнді болған. Мұндай киіз үй жиһаздардың әдемілігі, сәнділігі жағынан тіпті билеуші үстем таптың ордасынан да асып түскен.

Жас жұбайларға арналған үйдің екі түрі болған: отау үй және күйме.

Отау – қазақтың байырғы сөздерінің бірі. Отау деп көп жағдайда үлкен үйден бөлініп шыққан, бірақ әлі сол ауылдың ықпалымен көшіп-қонатын үйді атайды.