Павлодарлық бренд алғаш рет Нью-Йорктегі халықаралық көрмеде таныстырылды
Павлодарлық компания франчайзинг саласындағы әлемдегі ең ірі алаңдардың біріне қатысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Нью-Йоркте жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған кәсіпкерді, инвесторды және танымал бренд өкілдерін жинайтын International Franchise Expo 2026 халықаралық көрмесі басталды.
Биыл көрмеде Қазақстан атынан бес компания ұсынылған: Lanzhou, CROFF, VeneraPrint, «Жасыл ферма» және Semey Korkem. Олардың қатарында павлодарлық «Жасыл ферма» кәсіпорны да бар.
Компания топырақсыз өсірілген, химиялық тыңайтқыштарсыз, консерванттарсыз, жасанды қоспалар мен хош иістендіргіштерсіз өндірілетін табиғи өнімдер шығаруға маманданған.
Кәсіпорын басшысы Татьяна Ивакинаның айтуынша, халықаралық көрмеге қатысу павлодарлық брендті шетел нарықтарында ілгерілетуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
– Біз сегіз жылдан бері өндірісті дамытып келеміз және бүгінде шырындар мен тағамдық талшықтардан бастап ересектер мен балаларға арналған органикалық косметикаға дейінгі 30-ға жуық өнім түрін шығарамыз. Өндірісіміз қалдықсыз жұмыс істейді, ал басты қағидамыз – табиғи және экологиялық тазалық. Біз үшін тек Павлодарды ғана емес, бүкіл Қазақстанды таныстыру үлкен мәртебе, – деді Татьяна Ивакина.
International Franchise Expo көрмесіне қатысу компанияға өз өнімдері мен бизнес-моделін халықаралық қауымдастыққа таныстыруға, сондай-ақ органикалық өнімдерге сұраныс артып отырған АҚШ нарығына шығу мүмкіндіктерін зерделеуге жол ашады.
Бұған дейін кәсіпорын Астанада өткен RES 2026 EXPO халықаралық жасыл технологиялар, инвестициялар және ынтымақтастық көрмесіне де қатысқан болатын.
Павлодар облысы үшін жергілікті брендтің осындай жоғары деңгейдегі халықаралық көрмеге қатысуы – алғашқы тәжірибе.