Павлодарлық тыл ардагері: Еліміздің жарқын болашағы үшін дауыс бердім
88 жастағы тыл ардагері Сертай Букурупов № 35 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Бұл – менің азаматтық парызым. Біздің басты тілегіміз – халықтың әл-ауқатының артуы мен тұрмыс деңгейінің жақсаруы. Ауылдық аймақтардың гүлденіп, дамуына көңіл бөлінсе екен. Ауруханалар мен мектептер ашылып, жолдардың сапасы жақсара түссе, баспаналы болғандардың саны артса екен деген тілегіміз бар. Жаңа Қазақстаннан жақсы жаңалықтар мен өзгерістер күтеміз, – дейді тыл ардагері.
№ 35 сайлау учаскесінің төрағасы Александр Вдовиченко сайлау науқанына бұған дейін де бірнеше рет қатысқанын айтады.
– Сайлау учаскесі ашылған сәтте, яғни сағат жетіде бірнеше бақылаушы болды. Жұмысқа асыққан адамдар ертерек келіп, өз таңдауын жасады. Біздің аумаққа көбінесе жеке тұрғын үй секторы кіреді. Көбі – егде жастағы адамдар. Сағат онға қарай келушілер саны арта түсті. Алғаш рет дауыс берген он сегіз жастағы жігітке сыйлық ұсынылды. Тізім бойынша сайлаушылар саны – 2047. Түстен кейін тұрғындар белсенділік танытады деген үміттеміз, – дейді Александр Вдовиченко.
Айта кетейік, ҚР Орталық сайлау комиссиясы сағат 12.10-да азаматтардың келуі туралы таратқан ақпаратқа сүйенсек, Павлодар облысы тұрғындарының 30 пайыздан астамы дауыс берді.