Павлодарлық футболшылар шетелдік жиынды сәтті аяқтады
«Ақсу» ФК Түркиядағы оқу-жаттығу жиынын тәмамдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Соңғы жолдастық кездесуде Руслан Костышин шәкірттері жеңіске жетті. «Ақсу» Грузияның «Самтредиясын» 1:0 есебімен тізе бүктірді. Жеңіс голын Фэйт Обилор соқты. Бұрыштамадан берілген допқа бірінші жеткен нигериялық қорғаушы баспен соққы бағыттап допты қақпадан бір-ақ шығарды.
Бұл команданың Түркиядағы сегізінші матчы болды. Оған дейін «Ақсу» «ЦСКА 1948» (1:4), «Сутьеска» (0:1), «Пахтакор» (2:5), «Крылья Советов» (0:0), «Ингулец» (2:2), «Лиепая» (1:2) және батумилік «Динамомен» (0:1) кездесті.
- Павлодарға келісімен футболшыларға кішігірім демалыс беріледі, - деді клубтың баспасөз хатшысы Асқар Қайыргелдинов. – Шамамен 25 ақпанда команда жаттығуға кірісіп, маусымға және бірінші матчқа әзірлігін бастайды. Барлығы жоспар бойынша.
Жиын барысында команда құрамы жартылай қорғаушылар Артур Мурза, Рамазан Оразов, Дінмұхамед Қараман, шабуылшы Луис Гедеш, қорғаушы Елдос Ахметовпен толықты, Тони Сильва мен Фэйт Обилор келісім-шартты ұзартқаны туралы ресми мәлімет бар. Одан бөлек, Қайрат Жырғалбекұлы командамен еңбек шартын ұзартты. Жиынның соңғы күндерінде «Ақсуға» қарағандылық «Шахтердің» қақпашысы Игорь Трофимец және тегі сербиялық Босния жастар құрамасының бұрынғы ойыншысы Никола Эскич келіп қосылды.
Былтыр голкипер кеншілер үшін тоғыз матч өткізіп, 11 гол жіберген. Балқандық жартылай қорғаушы болса, 2022 жылы екі клубта ойнап үлгерді: литвалық «Ритеряй» және македониялық «Брегалница» үшін Эскич барлығы 29 матч ойнап, екі ассист жасаған.
Сондай-ақ команда қақпашы Евгений Кучеренкомен қош айтысты. Оған қоса Ғафуржан Сүйімбаев, Марсель Исламқұлов, Лазар Зличич, Михаил Бакаев, Еркебұлан Тұңғышбаев, Асланбек Кәкімов пен Марлен Айманов клубтан ұзады.
Естеріңізде болса, «Ақсу» ел чемпионатын қостанайлық «Тобылға» қарсы ойынмен бастайды. Матч 4-5 наурызда өтеді. Өз алаңында командамыз 9-10 наурызда алматылық «Қайратқа» қарсы өткізеді.
Фото: Ольга Бугаева