Павлодарлық колледж директоры: Студенттердің 60 пайызы – ауыл балалары
Жоғары электроника және байланыс колледжіне өзге өңірлерден де студенттер келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында аталған оқу орнының басшысы Марат Нығметов мәлім етті.
– 2021-2022 оқу жылының қорытындысы бойынша біздің колледжді 157 түлек бітірді, онын ішінде 118 адам жұмыска орналастырылған. Мамандық бойынша 81 адам жұмыс істеуде. Жоғары оқу орындарында 19 түлегіміз оқиды. Ал Қарулы Күштер қатарына колледжімізден 17 адам шақырылды, бүгінгі таңда әскери борыштарын өтеуде, – дейді Марат Нығметов.
Спикердің айтуынша, бұл колледждің ерекшелігі «Жоғары» деген мәртебесінде. Себебі – бұл колледжді бітірген түлектер жоғары оқу орындарына түсуге міндетті. Өңірде мұндай 5 колледж бар.
Мекемеде 10 мамандық бойынша білім береді. Сондай-ақ, оқушыларға дуалды білім беру де қарастырылған. Яки, студенттер білім алып қана қоймай, жұмыс істей алады. Олардың орташа табысы 150 мың теңгені құрайды. Бұл жоба бойынша 95 студент жұмыс істеуде.
Колледждің 200 орындық қонақүй үлгісіндегі жатақханасы, материалдық-техникалық базасы нығайтылған және жобалық қуаты 1300 орынға есептелген. Бұл колледждің өңірдегі ірі әрі қолайлы оқу орындарының бірі екенін айқындайды.