Павлодар облысында үздік дене шынықтыру пәні мұғалімін анықтады

Павлодар облысында үздік дене шынықтыру пәні мұғалімін анықтады

Енді ол республикалық конкурста облыстың атынан қатысатын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар қаласының №25 жалпы білім беретін мектебі мен М.Әуезов атындағы мектептің базасында «Үздік дене шынықтыру мұғалімі»  республикалық байқауының облыстық кезеңі өтті. 

Білім беру басқармасының өңірлік дене шынықтыру оқу-практикалық орталығының басшысы Бақтияр Түсіповтің мәліметінше, байқау екі бөлімнен өткен: практикалық және теориялық.

– Мұғалімдерге өз портфолиосын таныстыру, заманауи әдістемелерге сәйкес басқа сыныппен ашық дене шынықтыру сабағын өткізу және оқушылар үшін қызықты спорттық-бұқаралық іс-шара дайындау қажет болды, – деді ол. 

Қазылар алқасының құрамына Ә.Марғұлан атындағы университеттің дене шынықтыру кафедрасының оқытушылары Марина Семенова, Жанна Антихович, Марат Құсмиденов және жоғары санатты педагогтар Берік Ахметов, Дастан Жанжұманов тағайындалды. 

Байқау қорытындысы бойынша үшінші орынды Шарбақты ауданының мұғалімі Тұмар Жұмадиров және Ертіс ауданынан келген Мейрам Кенжебаев иеленді. Ал екінші орынға Май ауданының ұстазы Ерболат Асылханов пен Успен ауданының мұғалімі Дәметкен Удербаева ие болды. Бірінші орынды Павлодар қаласының мұғалімі Дулат Мұхамеджанов иеленді.

Облыстық кезеңнің жеңімпазы 2023 жылғы 20-24 қараша аралығында Ақмола облысының Щучинск қаласында өтетін республикалық конкурсқа қатысуға жолдама алды.