Павлодарлық кітапханада фотосессия байқауы жарияланды
Байқауға тек кітапхана қызметкерлері қатыса алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Кітап және мен» фотосессия байқауы басталды.
– Байқаудың мақсаты – кітапхана кеңістігінің ерекше атмосферасын, кітап пен адамның үйлесімін, кітапханашы мамандығының әсемдігін көпшілікке таныту, сондай-ақ әріптестеріміздің шығармашылық қабілеттерін шыңдау, – дейді мамандар.
Байқау шарты бойынша күн сайын қатысушылардың кітапханада кітаппен түскен ең әдемі, ерекше әрі әсерлі фотосуреттері кітапхананың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланады.
Жеңімпазды анықтауда жазылушылардың жарияланған суреттерге қалдырған лүпілдері мен пікірлері ескеріледі. Сонымен қатар байқау нәтижесін әділ бағалау үшін арнайы комиссия құрылып, қатысушылардың жұмыстарына кәсіби тұрғыдан баға беріледі.
Айта кетейік, Павлодар облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасы жалғасып жатыр. Жоба жеті бағытты қамтиды. «Кітап оқитын мектеп» бағытына 6–10-сынып оқушылары, «Кітап оқитын колледж» бағытына колледж студенттері, ал «Кітап оқитын университет» бағытына жоғары оқу орындарының студенттері қатысады.
Сондай-ақ педагогтерге, отбасылық командаларға және мемлекеттік қызметшілерге арналған жеке бағыттар бар. Ал «Кітап оқитын зияткер» бағытына жасына және қызмет саласына қарамастан кез келген азамат қатыса алады.