Павлодарлықтар «Кітап оқитын ұлт» марафонына қатыса алады
Жеңімпаздарға бір миллион теңгеге дейін ақшалай сыйлық қарастырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Кітап оқитын ұлт» жобасының Павлодар облысындағы өкілдерінің мәліметінше, республикалық кітап оқу марафонына қатысушыларды тіркеу басталды. Жоба кітап оқуды тұрақты әдетке айналдыруға, сыни және аналитикалық ойлауды дамытуға бағытталған.
Марафон 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылдың көктеміне дейін жалғасады. Қатысушылар қазақ немесе орыс тіліндегі лиганы таңдай алады.
Жоба жеті бағытты қамтиды. «Кітап оқитын мектеп» бағытына 6-10 сынып оқушылары, «Кітап оқитын колледжге» колледж студенттері, «Кітап оқитын университетке» жоғары оқу орындарының студенттері қатысады. Сондай-ақ педагогтерге, отбасылық командаларға және мемлекеттік қызметшілерге арналған жеке бағыттар бар. «Кітап оқитын зияткер» бағытына жасына және қызмет саласына қарамастан кез келген азамат қатыса алады.
– Reading-nation.kz сайтына кірген соң, міндетті түрде өз бағытыңызды таңдаңыз. Одан кейін өңірді, қала немесе ауданды, елді мекенді, білім беру ұйымын және қатысу тілін көрсетіңіз. Жеке мәліметтеріңізді енгізіп, қолданыстағы электрондық поштаңызды көрсету қажет. Бұл электрондық пошта кейін платформаға кіруге арналған логин болады. Тіркелгеннен кейін жеке парақшаңыздан кітап оқу статистикасын және марафондағы прогресіңізді көре аласыз, – деп түсіндірді «Кітап оқитын ұлт Павлодар» жобасының өкілдері.
Әр қатысушы өз бағыты бойынша бекітілген 15 кітапты оқуы тиіс. Кітапты оқып болғаннан кейін белгіленген талаптарға сәйкес пікір қалдырады. Бір кітап үшін 250 ұпай есептеледі, бейнепікір үшін қосымша 50 ұпай, ал бір кітапты 10-15 күн аралығында оқу кестесін сақтаған жағдайда тағы 50 ұпай беріледі.
Оқылатын шығармалар қатысушының бағыты мен тілдік лигасына байланысты таңдалады. Жалпы кітап қорына қазақстандық және шетелдік әдебиет енген. Тізімде Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Мұхтар Әуезовтің «Көксерек», Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» және басқа да шығармалар бар.
Негізгі оқу кезеңі 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Наурыз-сәуір айларында қатысушылар үшін тестілеу мен интеллектуалдық квиздер өткізу жоспарланған.
Жеңімпаздарға ақшалай жүлде де қарастырылған. Өңірлік кезеңде бірінші орынға бір миллион, екінші орынға 600 мың, үшінші орынға 400 мың теңге беріледі.
Марафонға тіркелу Қазақстан азаматтары үшін тегін. Қатысуға өтінімді жобаның ресми reading-nation.kz платформасында беруге болады.