Павлодарда «QALLEKI» лабораториясының актерлері өзгеше көңілмен толқытты

«Кешкі 7» спектакль-концерті сахналанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ж. Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрында Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының «QALLEKI» лабораториясы ұжымы «Кешкі 7» спектакль-концертін сахналады.
– Қойылымда тетрымыздағы жастардың өздерінің бастарынан өткен шынайы оқиғалары монолог ретінде халыққа жеткізілді, айтылатын әндердің әні мен сөзін өздері жазған. Іште жатқан дүниені шығарып, біздің де өмір жайлы толғанысымызды көрсеткіміз келді, – дейді актер, режиссер Бәзіл Сұлтанғазы.
Шығармашыл жандар үшін байланыс ортасын құру және өнерге өзгеше көзқарас жасап, тың дүниелерді сахналау мақсатындағы қойылымның премьерасы 2023 жылы сәуір айының 14 күні ұсынылған.
– Көріп отырып, жаңа әлемге келгендей сезінеді екенсің. Әр адамның басынан өтетін жағдайларды әуезді әуенмен, жырмен жеткізу ерекше сезім қалдырды, – дейді көрермен Перизат Құрманәлі.
Концерт-спектакльдің авторы әрі орындаушы артистер: Қайыржан Садықов, Ақжол Мамыр, Бәзіл Сұлтанғазы, Әнуарбек Бектас, Бибарыс Орман, Бекарыс Шалқар. Музыканы өңдеген әрі сүйемелдеуші ансамбль: Сұлтан Тұрсынбеков, Еркежан Ерзатқызы, Темірлан Шөкенов, Ақылбек Әнуар, Қуаныш Рахмет, Маржаннұр Макибаева, Айша Сырымбай.
Режиссері – Бәзіл Сұлтанғазы. Қоюшы суретші – Шынар Елембаева. Хормейстер – Ержан Сансызбаев, Сұлтан Тұрсынбеков.
Айта кетейік, «QALLEKI» лабораториясы 2021 жылы құрылған. Зертхана шымылдығы театрдың жас актері Бәзіл Сұлтанғазы режиссерлік еткен Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» драмасымен ашылған болатын.