Павлодарлық әртістерді «жарқырататын» костюмер өз жұмысының қыр-сырымен бөлісті

21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлері күні, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Иса Байзақов атындағы облыстық филармония – өңірдің басты концерттік-гастрольдік ұйымы. Ұжымда-300-ге жуық адам қызмет етеді. Оның құрамында симфониялық оркестр (50-ден астам әртіс), қазақ халық аспаптары, джаз оркестрі, «Лад» орыс халық аспаптар ансамблі, камералық хор, «Нұр» хореографиялық ұжымы, «Шернияз» хореографиялық ансамблі, сондай-ақ, облыстың 20-ға жуық жетекші солист бар.
Облыстық филармония толық жиынтықпен ерекшеленеді. Мұнда оркестрлердің барлық түрлері, үлкен хореографиялық ұжым және тарихта алғаш рет академиялық білімі бар үш жас баритон бар. Яғни, филармония әртістері кез келген сұраныстар мен талғамдарды қанағаттандыра алады.
Сахна сыртында қызмет ететіндердің бірі – костюм цехының меңгерушісі, костюмер Маржан Дакулова. Ол облыстық филармонияда 2012 жылдан бері қызмет етеді.
– Мен филармония біраз жылдардан кейін қайта құрылған уақытта жұмысқа шақырылдым. Бәрін қайта бастадық, тіпті арнайы кабинет те болмады. Қазақ оркестрі, симфониялық пен хор ұжымының ескі костюмдері ғана болды. Кейін ақырындап жаңа костюмдер сатып ала бастадық, тіге де бастадық. Бүгінгі күні филормонияда үш костюм бөлмесі бар екенін мақтанышпен айта аламын, – дейді Маржан Дакулова.
Қазір филармония жаңа мәдени ренессансты бастан кешуде. Соңғы уақытта көптеген жас талантты әртістер құрамға қосылған, олар жетекші консерваторияларда, өнер университеттерінде тамаша академиялық білім алып, шығармашылықпен айналысу және жоғары өнер сүйер қауымды өз таланттарымен қуанту үшін туған қалаларына оралған. Бұл ретте, репертуар көбейіп келеді. Көптеген өршіл шығармашылық идеялар сахнада бейнеленеді.
– Сахналық киімдер дайындау барысында әр ұжымның менеджерлерімен ақылдасып, кейін дизайнерге ойымызды жеткізіп, суретін шығарымыз. Ең басты мақсатымыз – әртістерімізді әрқашан әдемі, ұқыпты, таза уақытында киіндіру. Көптеген жылдар бойы әртістермен жұмыс істеп келе жатқандықтан олардың талғамын, мінезін, кімге не керек екенін, қашан, қайда, қандай зат, киім әкелу керек екенін, қай уақытта дайындап қою қажет екенін білемін, – дейді тәжірибелі костюмер.
Оның айтуынша, костюмер жұмысының ең қиын сәттері – наурыз және мамыр мерекелері кезі екен. Себебі – қарбалас.
Бұдан бөлек, филармонияның басты мақсаттарының бірі – мәдени-эстетикалық және рухани-адамгершілік тәрбиеден басқа, балалар мен жасөспірімдер арасында білім беру және талғамды ояту болып табылады. Сондықтан соңғы уақытта көрермендер арасында жаңа буын өкілдері көп.
Филармония жанынан музыкада, вокалда және хореографияда дарынды балаларды анықтау және қолдау бойынша «Самға» жобасы жұмыс істейді. Көптеген концерттер балалар мен жасөспірімдер ұжымдары мен жас солистерді шақыра отырып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлерімен кәсіби әртістермен үлкен филармониялық сахнада өнер көрсету мүмкіндігіне ие болу үшін өткізіледі.