Павлодарлық шебер ұлттық нақышты заманауи өнермен ұштастырды
Шебер жастарға қолөнердің әдіс-тәсілдерін үйретуді өзінің парызы санайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұлттық қолөнерді жаңғыртып, оған заманауи сипат беріп жүрген павлодарлық шебер өз туындыларын көпшілік назарына ұсынды,
Г.Н.Потанин атындағы облыстық өлкетану музейінде қолөнер шебері Марина Мұхтарованың «Жүректен шыққан шабыт» атты жеке көрмесі ашылды. Онда келушілерге қазақы нақыштағы қолөнер бұйымдарымен танысуға мүмкіндік туды.

Марина Мұхтарова - Павлодар қаласындағы №46 мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі. Ол ұлттық өнерге бала кезінен жақын болып, құрақ құраудың қыр-сырын анасы мен әпкесінен үйренген. Уақыт өте келе бұл қызығушылық шығармашылық ізденіске ұласып, бүгінде шебердің өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан. Қолөнершінің қоржынында құрақ көрпелер, сәндік паннолар, картиналар, жастықтар мен түрлі безендіру бұйымдары бар. Сонымен қатар, ол шытыра моншақтан әшекейлер жасайды. Дегенмен, шебердің жүрегіне ең жақыны - қазақтың дәстүрлі құрақ өнері.
– Құрақ көрпе – мен үшін ерекше мәні бар бұйым. Бұрын мата қалдықтарын кәдеге жарату мақсатында пайда болған бұл дәстүр бүгінде талғам мен шеберлікті талап ететін өнер түріне айналды. Құрақ құраудың басты ерекшелігі - матаның түсі мен пішінін үйлестіріп, біртұтас композиция жасау. Әрбір өрнек белгілі бір мағына беріп, ұлттық дүниетанымның элементтерін жеткізе алады. Сондықтан мұндай бұйымдарды дайындау үлкен төзімділікпен қатар, шығармашылық ізденісті де қажет етеді, – дейді Марина Мұхтарова.
Қазіргі уақытта дәстүрлі қолөнер жаңа бағыттармен толығып, заманауи интерьер мен сән индустриясында да қолданыс табуда. Ұлттық ою-өрнектер күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдармен қатар, сәндік аксессуарлардың да ажырамас бөлігіне айналып келеді.

Марина Мұхтарова үшін бұл өнерді дамыту ғана емес, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу де маңызды. Ол мектеп оқушыларына қолөнердің әдіс-тәсілдерін үйретіп, олардың ұлттық мұраға деген қызығушылығын оятуға күш салып жүр. Шебердің жұмыстары ата-баба дәстүрінің бүгінгі қоғамда да өзектілігін жоғалтпағанын көрсетеді. Ал оның шығармашылық жолы ұлттық өнерді сақтау оны жаңа идеялармен толықтырып, жас ұрпаққа үйретуден басталатынын аңғартады.