«Ertis Promenade» сахнасында Павлодар облысының басты дауысы анықталады

«Ertis Promenade» сахнасында Павлодар облысының басты дауысы анықталады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Сахнада өнер көрсетуді армандайтын павлодарлықтар байқауға қатысуға шақырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда әуесқой орындаушыларға арналған «Ertis Dauysy» байқауы 21 және 22 маусым күндері Естай атындағы мәдениет сарайында өтетін ашық кастингпен басталады. Қазылар алқасының іріктеуінен өткен 20 финалист «Ertis Promenade» сахнасына шығады. Олар маусым бойы төрт концертте өнер көрсетіп, әр концерттен кейін көрермендердің дауыс беру нәтижесінде бес қатысушы жобадан шығып отырады. Жыл дауысы иегері 19 шілдеде, қала күніне орай өтетін гала-концертте жарияланады.

Бас жүлде иесіне авторлық ән, бейнебаян түсірілімі, радиоротация және MuzzOne қазақстандық музыкалық-ойын-сауық телеарнасынан эфир беріледі.

Жобаға тек Павлодар облысы мен облыс орталығының тұрғындары – жеке әншілер, дуэттер мен топтар қатыса алады. Кастингке ұзақтығы 4 минутқа дейін бір музыкалық нөмір дайындау қажет. Қатысушыда фонограмма, ән мәтіні және флешкада жазба болуы тиіс. Қоғамға жат, арандатушы тақырыптағы немесе балағат сөздер бар әндермен келгендер байқауға жіберілмейді. Іріктеуде вокалдық шеберлік, артистік қабілет, композиция таңдауы мен орындау техникасы ескеріледі.

Айта кетейік, өңірдің басты сахнасына кәсіби емес әншілер бұған дейін де шыққан. Өткен жылы концерттер маусымы алғаш рет қазақстандық және шетелдік жұлдыздарсыз ашылып, павлодарлық көрермендер алдында мұғалімдер, студенттер, фельдшерлер мен зауыт жұмысшылары өнер көрсетті.