Павлодарлық кәсіпкерлер азық-түлік бағасын шектен тыс көтерген
Кей өнімдердің бағасы бір жарым есеге дейін артқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірованың айтуынша, биыл ең жоғары сауда үстемесі қиярға қатысты тіркелген – 57 пайыз.
Дүкен қиярдың бір келісін 603 теңгеден сатып алып, тұтынушыларға 948 теңгеден сатқан.
Сондай-ақ кәсіпкерлер сары май мен күнбағыс майының, ірімшіктің, тауық етінің және картоптың бағасын сатып алу құнынан бір жарым есеге дейін көтерген.
– Тексеру нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әрқайсысына 5 АЕК мөлшерінде үш әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді, – деді Нұрсұлу Әубәкірова.
Департамент мамандары өз құқықтарын қорғау үшін қайда жүгінуге болатынын да еске салды. Тұрғындар Павлодар қаласы, Генерал Дүйсенов көшесі, 9 мекенжайына, өтініштерді қабылдаудың бірыңғай платформасы – e-Otinish.gov.kz арқылы немесе 8 (7182) 55-10-70 нөміріндегі сенім телефонына хабарласа алады.