Павлодарда үздік ветеринарлар еңбегі атап өтілді

Павлодарда үздік ветеринарлар еңбегі атап өтілді
Фото: автор

Облыс орталығында мал дәрігерлерін кәсіби мерекелерімен салтанатты түрде құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Дәрігерлер адамдарды емдейді, ал ветеринарлар адамзатты емдейді деген қағида қалыптасқан. Былтырдан бері 10 шілде Қазақстанда ветеринария қызметкерлері күні болып белгіленді. Осы атаулы күнге байланысты Достық үйінде мерекелік кеш өтті. Саладағы үздік мамандарды Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгерім Қабылтаева құттықтады.

– Мереке күнделікті еңбегімен малдың саулығын ғана емес, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің күзетінде жүрген мал дәрігерлерінің қиын жұмысын атап өтуді көздейді, – деді Әйгерім Қабылтаева. – Сіздердің жұмысыңыз үлкен шыдамдылықты, кәсібилікті, сонымен қатар жанашырлықты қажет етеді. Сізге зор денсаулық, Қазақстанның гүлденуі жолындағы еңбектеріңізге сарқылмас қуат тілеймін.

Әкімнің орынбасары облыстың ветеринария ғылымының үздік өкілдеріне марапаттар табыс етті. Мамандарға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет грамоталары, сондай-ақ «Ауыл шаруашылығының үздігі» медалі табыс етілді.

Бұл марапатты облыстық ветеринария басқармасының эпизоотикаға қарсы бөлімінің бас маманы Ермек Қондыбаев иеленді. Еңбегіне жоғары баға берген облыс басшылығына алғысын білдіріп, әріптестеріне табыс, жұмыстарына сәттілік тіледі.