Референдум: Павлодарда 300-ге жуық полицей қауіпсіздікті қамтамасыз етеді
Тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істеуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Мәлік Оңғарбаев республикалық референдумды өткізу кезінде күшейтілген кезекшілік режимінде болатын полиция жасақтарын бөлді.
Облыс орталығындағы 139 сайлау учаскесінде қоғамдық қауіпсіздікті қалалық полиция басқармасы мен облыстық полиция департаментінің 300-ге жуық қызметкері ауысыммен қамтамасыз етеді. Оларға нұсқаулықтар оқылып, сайлау учаскелеріндегі жедел жағдай баяндалды.
Еске сала кетейік, 2 қазаннан бастап Павлодар облысы полиция басқармасының жеке құрамы қызмет өткерудің күшейтілген нұсқасына ауыстырылды. Сонымен қатар 6 қазан күні қоғамдық көлікте жүру тегін болады.