Бірлік ауылында алғашқы мектеп пайда болады

Оқу орны биыл салынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов аппарат отырысында мәлім еткендей, өткен жылы облыста үш апатты мектеп – Сычевка, Моисеевка және Қаражар ауылдарында күрделі жөндеу жұмыстарынан өткен. Биылғы жылы тағы үш апатты мектепте – Тілектес, Бірлік және Қызылқақ ауылдарында жөндеу жұмыстары жоспарлануда.
Тілектес ауылындағы мектеп құрылысына барлық қажетті материалдар сатып алынды. 7 сәуірден басап екі бригада жұмысқа кіріседі. Қызылқақ ауылында екі қабатты мектептің жоспары сараптамадан өтті, мектеп жүз орынға көзделген.
Ал Бірлік ауылында бұрын мектеп болмаған. Салынып жатқан білім ошағы тарихта тұңғыш болмақ. Сондықтан аймақ басшысы бұл жұмысқа жауапкершілікпен қарауды тапсырды.
Бірліктегі мектеп 1,5 гектар жерді алып жатыр. Қазіргі уақытта жоспар сараптамадан өтіп жатыр. Құрылысты тамыз айында аяқтау жоспарлануда.
– Аталған үш мектеп бойынша әр ауылға барып, жергілікті халықпен кездесу өткізіп, осы мектептердерің мәселесін шешуге уәде бергенбіз. «Айтылған сөз – атылған оқ», сондықтан берілген сөздерімізге берік болуымыз керек. Барлық жұмысты жеке бақылауда ұстап, әр апта сайын объектілерге барып тексеруді тапсырамын. Құрылыстың қарқыны бойынша маған ай сайын баяндайсыздар, – деп тапсырды облыс әкімі.
Сондай-ақ Асайын Байханов Павлодардағы «Достық» шағын ауданында ағымдағы жылдың сәуір айында аяқталуы жоспарланған мектеп құрылысының жай-күйін де сұрады. Мектеп мыңнан астам оқушыға арналған. Білім басқармасының басшысы Самал Айтқазинаның айтуынша, жұмыс аяқталуға жақын, бес кабинетке құрал-жабдық орнату ғана қалды.
Кадрларға келетін болсақ, жаңа мектепке 118 мұғалім қажет.
– Жаңа мектепке мұғалімдер арнайы байқау арқылы іріктеледі. Қазіргі таңда байқауға 31 мұғалім қатысуда, – деп қосты Самал Айтқазина. – 21 сынып мұғалімдермен бірге басқа мектептен жаңа мектепке көшуде – бұл 500-ден астам жаңа оқушы. Басқа мектептен жаңаға ауысқан мұғалімдер конкурссыз жұмысқа қабылданады. Қазірдің өзінде 900-ге жуық оқушы құжат тапсырып, жаңа мектепте білім алғысы келеді.
Асайын Байханов мектептерді оқушылармен толтыруға жауапты жеке штаб құруды тапсырды. Сонымен қатар, әкім оқушыларға арналған демалыс аймағын салуды ұсынды.
– Қазір мектептің қасындағы абаттандырылған алаңдарды салынып жатыр. Басқа мектептерде оқушылардың бос уақытын өткізе алатын орындар қарастылырған. Ал сіздер болсаңыз, «Достық» шағын ауданындағы мектептің қасында абаттандырылған алаңды, яғни тұрғындар кіріп демала алатындай жағдайды жасау керексіздер, – деді әкім.
Айта кетерлігі, жаңа оқу жылына дейін №47 орта мектеп пен №34 орта мектепті ұзарту сынды нысандар жөндеуден кейін пайдалануға берілмек.