Павлодарлық «Батыр» стадионы тарихқа айналады
Стадионның орнына жаңа спорт нысаны салынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта жұмысшылар бұрынғы «Батыр» стадионының трибуналарындағы металл қаңқаларды шығарып, ағаш конструкцияларды бөлшектеді. Сондай-ақ бетоннан салынған трибуналарды бұзу жұмыстары басталды. Аумақ жаңа құрылыс жобасын іске асыруға дайындалуда.

«Батыр» стадионын жаңғырту идеясы бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. 2017 жылы бұл жерде жаппай мәдени іс-шараларға арналған сахнасы бар саябақ аймағын салу ұсынылған болатын.
Кейінірек стадион орнында инклюзивті жастар спорт паркін ашу жоспары жарияланды. Сол кезде қала билігі Павлодардағы қолданыстағы саябақтардың басым бөлігі балаларға арналғанын, ал жастар үшін заманауи қоғамдық кеңістіктердің жеткіліксіз екенін атап өткен еді. Кейін бұл тұжырымдама қайта қаралды.

Бұған дейін Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы бөлімінің басшысы Талғат Сәкеннің айтуынша, аталған жерде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инклюзивті спорт кешені салу жоспарланған. Жоба аясында бочча, күрес, гимнастика және басқа да спорт түрлеріне арналған залдар қарастырылады. Жер телімі облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының теңгерімінде.
Жобаның негізіне Қызылорда қаласында салынған осындай инклюзивті спорт кешенінің үлгісі алынады. Нысанның құрылысын 2027-2028 жылдары бастау жоспарланып отыр.