Павлодарлық оқушы ұлттық аспаптар саябағының жобасын ұсынды

Павлодарлық оқушы ұлттық аспаптар саябағының жобасын ұсынды
Фото: Бибінұр Хамитқызы

Саябаққа келген әрбір тұрғын мен қала қонағы ұлттық аспаптардың әсемдігін тамашалап, үнін тыңдап, тарихымен таныса алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар қаласындағы А.Шамкенов атындағы мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы Максим Бортник интерактивті музыкалық саябақ идеясын таныстырды. Барлық аспаптардың шағын макетін ата-анасымен ақылдаса отырып, отбасы үй жағдайында 3D-принтердің көмегімен жасап шыққан. 

Жас өнерпаз бұл шағын қалашықты қай жерге орнату керектігін де біледі. Оның пікірінше, Жүсіпбек Аймауытов атындағы театр маңындағы аумақ – бұл жоба үшін таптырмас орын. Себебі ол шаһардың қақ ортасында орналасқан әрі мәдениет пен өнердің ошағы саналады. Мұнда келген әрбір тұрғын мен қала қонағы ұлттық аспаптардың әсем пішінін көріп қана қоймай, олардың әуеніне бөленіп, тарихы мен ерекшеліктерін терең түсіне алады. Бұл жерде жай қыдырып ғана қоймай, қасиетті домбыраның үнін тыңдап, қобыз бен жетігеннің көне тарихына қанығуға болады.

– Саябаққа келген адам аспапқа жақындаған сәтте арнайы жарық жанып, музыкалық әуен  шырқала бастайды. Сонымен қатар, әр аспаптың жанында QR-код орнатылады. Оны смартфонмен сканерлеу арқылы аспаптың шығу тарихы, көне аңыз-әңгімелері және онда орындалатын күй-термелер туралы мол мағлұмат алуға болады, - дейді жоба авторы Максим Бортник.

Зерек бала үш өлшемді модельдеу ісімен ерте айналысып, бұл бастамасын түрлі байқауларда сәтті таныстырып жүр. Жақында қалалық «Зерде» байқауында жүлделі үшінші орынды қанжығасына байлаған. Бұл жобаның түп төркіні мен мақсаты – қазақтың бай музыкалық мұрасын өскелең ұрпаққа өте жақын етіп таныстыру. Балалар ұлттық аспаптар туралы тек оқулықтан оқып қана қоймай, олардың жан тебірентер үнін құлағымен естіп, тарихын терең зерделеуге мүмкіндік алады. Ал үлкендер қазақ өнері мен музыкасын жаңаша форматта танып, рухани демалыс алады. Ең бастысы, мұндай ерекше орын болашақта Павлодардың көз тартар жаңа туристік нысандарының біріне айналатыны сөзсіз. Әзірге саябақ тек макет түрінде ғана жасалғанымен, талапты жастың асқақ арманы бар. 

Максим өз еңбегінің тек қағаз жүзіндегі мектеп жобасы болып қалмай, ертеңгі күні шынайы өмірде көрініс тапқанын қалайды. Оның көздегені – заманауи технологияның тілін пайдалана отырып, қазақтың төл мәдениетін көздің қарашығындай сақтау және оны әлемге кеңінен насихаттау.