«Мектепке жол»: Аққулыда үш жүзге жуық балаға оқу құралдары табысталды
Игі бастамаға отзыдан астам мецанат үлес қосқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, Аққулы ауданында жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында балаларға қолдау көрсетуге бағытталған игі бастама өз жалғасын табуда.
— Акцияның басты мақсаты – әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардан шыққан балаларға көмек көрсетіп, оларға жаңа оқу жылын қажетті оқу құралдарымен, көтеріңкі көңіл күймен және үлкен сеніммен бастауына жағдай жасау, - делінген хабарламада.
Жеке кәсіпкерлер мен меценаттардың қолдауының арқасында көптеген бала мектепке қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етіліп, жаңа оқу жылына дайындалуға мүмкіндік алды. Яғни игі іске 34 меценат пен қайырымды жан өз үлесін қосып, балалардың қуанышына ортақтасты.
Осылайша, «Мектепке жол» акциясы аясында 286 балаға үш миллион теңгеден астам қаржыға қайырымдылық көмек көрсетілді.
Айта кетелік, биыл қайырымдылық акциясына үш мыңнан астам баланы қамту жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде олардың 500-ден астамы демеушілік көмек алған. Көрсетілген көмектің жалпы сомасы 12 миллион теңгеден асты.