Павлодарлық оқушылар елордада өткен Республикалық Хакатонда топ жарды
Өңіріміздің жас дарындары үздік жобаларымен ерекшеленіп, жүлделі орындар мен ақшалай сертификаттарды иеленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
14-15 ақпан аралығында «Астана дарыны» орталығы мен CAP Education онлайн мектебі бірлесіп, Astana IT университетінің базасында оқушылар арасында Республикалық Хакатон өткізді. Мемлекет басшысының цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту бағытындағы стратегиялық міндеттерін қолдау мақсатында ұйымдастырылған бұл жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ден астам команда қатысты.
– Павлодар облысының намысын алты оқушы қорғады. Олар: дарынды балаларға арналған Абай гимназиясының оқушылары Адина Әлбекова мен Әділбек Бағдат, А. Шәмкенов атындағы мектеп-лицейінің шәкірті Назия Арғынова, Кенжекөл мектебінен Аңсар Кәкен, сондай-ақ Екібастұз қаласы №18 мектебінің оқушылары Даниял Нұрымжан мен Даулет Шоханов, – деді облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі.
Зияткерлік жарыстың қорытындысы бойынша павлодарлық өрендер жоғары нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, «Smart Technologies & IoT» номинациясында А. Шәмкенов атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Назия Арғынова І орынды иеленіп, 150 мың теңгенің сертификатына ие болды. Сонымен қатар «Digital Business & Gov Tech» номинациясы бойынша Абай атындағы гимназияның оқушылары Адина Әлбекова мен Әділбек Бағдат ІІІ орын алып, 50 мың теңгелік сыйақыны қанжығаларына байлады.
Басқармада атап өткендей, республикалық кезеңге өткен барлық қатысушыларға CAP Education онлайн бағдарламалау мектебінде тегін оқу мүмкіндігі берілді.