Павлодарда олимпиада жеңімпаздарына Марғұлан университетінің гранты табысталды

Павлодарда олимпиада жеңімпаздарына Марғұлан университетінің гранты табысталды

Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің грантына арналған пән олимпиадасының жеңімпаздары белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz

ЖОО баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бүгін білім сайысында үздік шыққан оқушыларға ректор гранты мен жеңілдік сертификаттары табысталды. Оқушыларды марапаттау шарасына университет ректоры Жанбол Жилбаев қатысып, жеңімпаз болған оқушыларды құттықтады.

- Біздің университет жыл сайын пән олимпиадасын өткізіп келеді. Былтыр білім сайысына 164 оқушы қатысқан болса, биыл 700-ден астам бала тіркелді. Пәндік олимпиада екі кезең бойынша өтті. Өткен жылы бес пәннен өткізген болсақ, биыл тоғыз пәннен өткіздік. Бір қуантарлығы, бұған дейін тек қала мектептерінің оқушылары ғана қатысқан болса, биыл ауыл оқушылары да қатысып, грант алды. Барша оқушыларды грант иеленуімен құттықтай отырып, күзде осы оқу орынның студенті атануға шақырамын, - деді Жанбол Жилбаев.

Margulan University грантын жеңіп алған оқушылардың бірі – Ақтоғай ауданы М.Қайырбаев атындағы орта мектеп оқушысы Айгүл Жұмасайіт. Ол «Тарих» пәні мұғалімі мамандығын таңдаған.

- Университет грантына арналған олимпиадаға үлкен дайындықпен келдім. «Шың» кітабын толық оқып, жаттадым. Сонымен қатар, «Daryn.online» платформасы арқылы дайындалдым. Менің осындай жетістікке жетуіме себеп болғандардың бірі – ұстазым Алма Мақашева. Ұстазыма шын жүрекпен алғыс білдіремін, - деді ол.

Айта кетейік, олимпиада қорытындысы бойынша 9 оқушыға грант берілсе, 9 оқушыға 50 пайыздық жеңілдік, тағы 9 оқушыға 25 пайыздық жеңілдік сертификаты берілді.

Фото: Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті