Железиндік бишілер Бакуде өнер көрсетеді
«Көркем би» балалар би ұжымы республикалық байқаудың Гран-при жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһарда өткен көпжанрлы республикалық өнер байқауы «CREATIV.KZ» бірнеше номинация бойынша ұйымдастырылды: хореография (классикалық биден бастап шоуға дейін), вокал (халық әндерінен эстрадаға дейін) және аспаптық өнер.
Осы ауқымды шарада «Көркем би» ұжымы ұлттық нақыш пен заманауи хореографияны үйлестірген ерекше нөмірін ұсынды. Ұжымның орындаушылық шеберлігі мен сахналық мәдениеті қазылар алқасын тәнті етті. Нәтижесінде ансамбль Баку қаласына жолдама алып, халықаралық деңгейде өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.
Жас өнерпаздармен Железин ауданының балалар көркемөнер мектебіне жаңадан жұмысқа келген Маржан Мамелина айналысады. Аз уақыт ішінде оның тәрбиеленушілері жоғары жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді. Жуырда ғана олар облыстық байқауда екінші орын иеленген болатын.