Павлодарлық қаламгердің 40 жылдық еңбегі таныстырылды

Кітап қала әкімдігінің қолдауымен жарық көрді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы Қалмұқан Исабаевтың қазіргі Павлодар облысы аумағындағы тұңғыш аға сұлтан Шоң Едігеұлына арналған «Шоң би» романы қайта басылып шықты. Кітаптың тұсаукесерін қалалық орталық кітапхана ұйымдастырды.
– Биыл майдангер жазушы, белгілі жерлесіміз Қалмұқан Исабаевтың туғанына 100 жыл толып отыр – кітаптың тұсаукесері осы датаға, сондай-ақ Жеңістің 80 жылдығына орайластырылып отыр, – дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғманов. – Жазушы өмірінің 40 жылын осы романды жазуға арнады. Осындай тұлғаларды жастар білуі керек деп есептеймін.
Шон Едігеұлы – қазақ биі, Орта жүз Баянауыл болысының аға сұлтаны. Арғын тайпасының айдабол руынан шыққан. Ол Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген.