«Жігіт сұлтаны-2023»: Павлодар облысының агротехнологі Бас жүлдені жеңіп алды
Аймақаралық «Жігіт сұлтаны» байқауы Көкшетау қаласы «Красный Яр» ауылында «Құлагер» ипподромында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Дода Абылай ханның 310 жылдығына, Ақан серінің 180 жылдығына және Иманжүсіп Құтпанұлының 160 жылдығына орай ұйымдастырылды. Байқауға еліміздің әртүрлі өңірлерінен он төрт адам қатысқан. Аталған жарыста Павлодар облысының намысын қорғаған талантты спортшы Айбын Уахитов топ жарып, Бас жүлдені жеңіп алды.
– Қатысушылар бірінші кезеңде өздерін таныстырған соң екінші кезеңде өз өнерімен таң қалдыру керек болды. Аударыспақ, аттың үстінде садақ ату, гір тасын көтеру, қазақ күресі, армрестлинг сияқты ұлттық спорт түрлерінен сынға түстік. Ал үшініш кезеңде Ақан сері мен Иманжүсіп атамыздың бір өлеңін орындадық. Төртінші кезеңде қол күресі болды, – дейді жеңімпаз.
Айбын Уахитов 1998 жылы Екібастұз қаласының Ақкөл-Жайылма елді мекенінде дүниеге келген. Торайығоров университетін «агротехнология» факультеті мамандығы бойынша бітірген соң әкімшілікте жұмыс істеген. Қазіргі таңда туған ауылында жеке шаруашылықпен айналысады.
– Байқауда Иманжүсіп Құтпанұлының «Сарымойын» әнін жаңа нақышта орындадым. Байқауға қатысқанымда анам, әжем, үш жұртым келіп, үлкен қолдау көрсетті, – дейді ол.
Естеріңізге сала кетейік, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, Май ауданы әкімдігінің қолдауымен, облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының ұйымдастырған облыстық «Жігіт сұлтаны-2023» байқауы бұрын-соңды болмаған жаңа форматта және ауқымды деңгейде өтті. Байқауда бірінші орынды Айбын Уахитов иеленді.