Павлодарлық жастары К-pop мәдени қозғалысының белсенді мүшесіне айналды

Павлодарлық жастары К-pop мәдени қозғалысының белсенді мүшесіне айналды
Фото: YTD тобының мұрағатынан

Өңірде жаңа шығармашылық бағыт қалыптасып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Би топтары халықаралық және республикалық сахналарда өнер көрсетіп, қала абыройын асқақтатуда.

Павлодар қаласында корей мәдениетіне, әсіресе K-pop бағытына деген қызығушылық жыл санап артып келеді. Бүгінде бұл қаланың мәдени кеңістігіне жаңа серпін беріп отырған мәдени ортаға айналды.

Белсенді жастар би фестивальдері мен конкурстарға қатысу арқылы бұл бағыттың қаншалықты кең таралғанын айқын дәлелдеуде. Астана қаласында өтетін K-STAGE секілді ірі алаңдарда еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар өз өнерлерін көрсетіп, тәжірибе алмасуда.

Қаладағы K-pop қозғалысының жарқын өкілдерінің бірі - 2018 жылы құрылған YTD би командасы. Топтың көшбасшысы әрі хореографы Нұрхан Тлеубайдың айтуынша, команданың басты мақсаты - ортақ идея арқылы шығармашыл жастарды біріктіру.

- Біз би арқылы жанып тұрған адамдарды біріктіргіміз келді. Әркім өзін дамытып, үлкен бір істің бөлшегі екенін сезінетін орта құру мақсатын көздедік. Команда атауының өзі ерекше мағына береді. YTD - бұл жеңіліс емес, керісінше, өз-өзіңді жеңу ұғымын білдіреді, - дейді биші.

Қазіргі таңда топ құрамында шамамен 30 адам бар. Қатысушылар саны маусымға байланысты өзгеріп отырса да, қызығушылық тұрақты деңгейде сақталады.

YTD командасы түрлі байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Атап айтқанда, K-pop Winter Festival 2023 және 2025 фестивальдерінде жүлделі орындарға ие болып, басқа да республикалық жарыстарда өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсетіп келеді.

Сонымен қатар, команда құрамынан шыққан DREAMX тобы да өз жетістіктерімен көзге түсіп жүр. Бұған дейін олар Астана сахнасында өнер көрсетіп, ENHYPEN, ATEEZ, EVERGLOW топтарының билерін орындаған.

Болашақта Нұрхан Тлеубай команданы әрі қарай дамытып, оның тұрақты жүйеге айналуын көздейді. Қажет болған жағдайда топты өз шәкірттеріне тапсыру жоспары да бар.

Диляра Бейсембенова