Жағажай туризмі: Павлодар облысының екі ауданына ерекше көңіл бөлінеді

Жағажай туризмі: Павлодар облысының екі ауданына ерекше көңіл бөлінеді
Фото: Константин Шелков

@Pavlodarnews.kz тілшісі 2025 жылға дейін өңірлік емдеу-сауықтыру және жағажай туризмінің даму бағыттарын сұрастырып көрді.  

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, 2023 жылдың тамыз айында облыс әкімінің тапсырмасы бойынша туристік саланы дамытудың 2028 жылға дейінгі өңірлік бағдарламасы бекітілген. Оған емдеу-сауықтыру және жағажай туризмін дамыту үшін инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар енеді. Атап айтқанда, Аққулы мен Шарбақты аудандарына ерекше көңіл бөлініп, ол жердегі туризм әлеуетін дамыту жұмыстары қолға алынады. 

Аққулыда Тұзқала көлінде кәсіпкерлікпен айналысып жүрген бес кәсіпкер бар. Былтыр олар электр беру желісін тартып, төрт демалыс аймағын абаттандырған. 

– Биыл көлде 20 адамға арналған қонақ үй салу жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінде кәсіпкер ауыз суға арналған ұңғыманы бұрғылау, негізгі іргетасты құю бойынша жұмыстарды жасады, – деді басқармада.

Сондай-ақ, 2025 жылға дейін мемлекеттік бюджет есебінен Тұзқала демалыс аймағына  кіреберіс автомобиль жолын салу жоспарлануда. Бұл мақсатқа 352 миллион теңге қаражат көзделіп отыр. 

Ал Шарбақты ауданындағы Маралды тұзды көлінде алты кәсіпкер ісін дамытып келеді. 

– Ол жерде биыл қазандық салынды, мангалға арналған төрт аймақ, жағажай жабдықтарын – шатырлардағы тенттерді, павильондардағы матрастарды ауыстырды. Стационарлық дәретханаларды жөнделіп, шамдар ауыстырылды.  Сондай-ақ жағажай жабдықтарын жалға беретін стационарлық пункт орнатылды. Инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 10 миллион теңгені құрады, – деп хабарлады басқармада.

Маралды тұзды көлінде 2024 жылы кәсіпкерлер шатырларды күрделі жөндеуден өткізіп, қосымша үш  шатыр орнатуды,  беседкалар сатып алуды, киіз үй қалашығына арналған санитарлық аймақты безендіруді, стационарлық жуыну бөлмесін, су жеткізетін дәретхананы, жағажай матрастары мен жұмсақ креслоларды орналастыруға арналған ағаш палубаларды орнатуды, мангал аймағының үстінен көлеңкелі қорғанысты орнатуды және үш жылжымалы тамақтану орындарын ашуды жоспарлап жатыр. 

Айта кету керек, кәсіпкерлер балалар мен соғыс ардагерлері, бірінші-екінші топтағы мүгедектігі бар мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін тегін кіруді қамтамасыз етеді.

Еске сала кетейік, облыс әкімі Асайын Байханов жуырда өткен аппараттық жиналыста туристік саланы кешенді қарастырып, дамыту мәселесімен айналысу керектігін айтқан болатын. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына перспективті әрі ауқымды инвестиция бойынша нақты жобаларды іске асыру үшін жол картасын дайындауды тапсырды.