Павлодарлық педагогтер елдің үздік ұстазы аталымына күшін сынай алады

Байқауда жеңімпаз атанған мұғалімдерге ақша беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР бойынша ұстаздарды қолдау мақсатында «Үздік педагог» байқауы басталды. Жеңімпаздарға 1000 АЕК, атап айтқанда 3,9 миллион теңге көлемінде мемлекеттік сыйақы қарастырылған.
Байқау аясында мұғалімнің білім саласын дамытуға қосқан үлесі, ұстаз қызметінің тиімділігі мен оның кәсіби шеберлігі ескеріледі.
– Жарысқа мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері қатыса алады, – деді облыстық білім басқармасында.
Конкурс үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең аудан мен қала деңгейінде өтеді. Ол 8-25 шілде аралығында болмақ. Екінші кезең – облыстық деңгей 28 шілде мен15 тамыз күндері жалғасады. Ал соңғы кезең республика деңгейінде ұйымдастырылады. Ол 18 тамыз бен 18 қыркүйек аралығында болады.
Екі кезеңнің қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған педагогтер республикалық деңгейге өтеді. Байқауға қатысуға өтінімдерді қабылдау, тіркеу, конкурс құжаттарын тапсыру, бағалау uzdikustaz-nobd.edu.kz веб-порталында жүзеге асырылады.
Айта кетейік, «Үздік педагог» республикалық конкурсы 2012 жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүрлі байқау.«Үздік педагог» атағына білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін және құжаттарды тапсыру кезінде кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар педагогтер үміткер бола алады. Олар - балабақша, мектеп, колледж мұғалімдері.