Скрипкаға сүйіспеншілік: Ауыл баласы апта сайын Павлодар қаласына келеді

Скрипкаға сүйіспеншілік: Ауыл баласы апта сайын Павлодар қаласына келеді

Ол облыстық музыкалық кешенде скрипкада ойнайтын жалғыз ер бала, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

13 жасар Ерсұлтан Райханов Аққулы ауданының Әйтей батыр ауылында отбасымен бірге тұрады. Скрипкамен айналысып жүргеніне үш жылдан асқан.Әр апта сайын жұма және сенбі күндері Павлодарға келіп, облыстық музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатында білім алады.

             Скрипканы таңдауымның себебі, маған бұл аспаптың дыбысы қатты ұнайды, – дейді жас музыкант. – Алғаш ата-анама скрипкада ойнауды үйренгім келеді дегенде олар тек қолдау білдірді. Әр жұма сайын Павлодарға келуіме жағдай жасап отырады. Қалаға келгенде жақындарымның үйінде қаламын. Ауылдағы ұстаздарым мен сыныптастарым да қолдау көрсетті. «Әрдайым скрипкада ойнап берші» деп қолқа салады. Мектептегі іс-шараларда да бірнеше рет ойнадым. Бәрі таңқалды.

Болашақта музыкант болуды армандайтын Ерсұлтан музыкалық кешенде скрипка аспабы бойынша тәлім алатын жалғыз ер бала екенін мақтан тұтады.

–Мен одан еш қысылмаймын, – дейді спикер. –Мен үшін музыкамен шұғылданғаным маңызды. Аққулы ауданында да Өнер мектебінде вокал сабағынан жарты жылдай уақыт білім алдым. Ал отбасыма келсек, үйдегілердің ешқайсысы музыкамен айналыспайды. Бірақ әкемнің анасы, әжем бұрындары баянда ойнаған. Мүмкін, музыкаға деген қызығушылық сол кісіден дарыған болар.

Бұдан бөлек, Ерсұлтан Райханов дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарының, балалар музыкалық мектептері,Қазақстанның музыкалық колледждерінің оқушылары арасында ұйымдастырылған «Отан әні» республикалық орындаушылар байқауында бақ сынады.

Былтыр оны жарысқа оны «Ішекті аспаптар» бөлімі бойынша жеңіске жеткен ДильназЖанкүшікова дайындаған.

– Ерсұлтан өте жауапкершілігі мол, алғыр бала, – дейді ДильназЖанкүшікова. – Скрипканы қатты ұнататыны көрініп тұр. Сол себепті көп ойнайды, дайындалады. Скрипкамен көп айналыспаса да байқауға қатысып жатыр. Ортақ шешіммен Моцарт «Рондо» және Мұқан Төребаев «Толғау» туындысын ойнауға бел будық. Тәлімгерім жақсы ойнап шықты деп ойлаймын.

Байқау қорытындысы бойынша, «Ішекті аспаптар» (скрипка)номинациясы бойынша Ерсұлтан Райханов үшінші орын иеленді. Ұстазы – Анжела Аветисян, концертмейстері – Аружан Ахмет.