Павлодарлық студенттер қысқа метражды фильмдер түсірді
Бастысы көрерменге күрделі тақырыпты жеткізу болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақпараттық технологиялар колледжінің мәлімдеуінше, WorldSkills байқауы аясында «Бейне өндірісі» құзыреттілігі бойынша жарыс өткізілді.
– Бұл құзіреттілікті таңдайтын студенттер саны үнемі артып келеді. Биыл колледжішілік іріктеуге 11 адам қатысты. Олардың міндеті - нашақорлық сияқты маңызды мәселе бойынша төрт минут көлемінде бейнеролик түсіру, – дейді құзырет сарапшысы, арнайы пәндер оқытушысы Мақпал Қанағатова.
Шарт бойынша біріншіден, көрерменнің жүрегіне әсер ету керек, екіншіден, оны кәсіби түрде орындау маңызды. Мұнда кадрдағы актерлердің шеберлігі емес, жұмыстың сапасы, яғни автордың толыққанды контент жасай алуы, түзету, субтитрлер жасау, бейнетүсірілім мен монтаждау деңгейі, бояуы, дыбыспен жұмыс істеу және тағы басқа деңгейлері ескерілді.
– Байқауға қатысушыларды білім беру және тәрбиелік аспектілерді біріктіру мақсатында, күрделі тақырып – нашақорлық мәселесі бойынша қысқаметражды фильмдер жасауға шақырдық, өйткені бұл кез келген колледж қызметінің маңызды бөлігі болып табылады. Біздің жастарымыз жұмысқа, тақырыпқа өте байыппен қарағанын байқауға болады. Студенттер жасаған бейнероликтер осы әлеуметтік зұлымдықтың алдын алуға септігін тигізеді деп ойлаймыз, – дейді оқытушы.
Қорытынды бойынша қазылар алқасы орындаған жұмысының түрі мен мазмұнын ерекше бағалап, «Менеджмент» мамандығының бірінші курс студенті Виктория Кособокованың бейнеролигін үздік деп таныды. Бірінші курс студенті, болашақ бағдарламашы Екатерина Бедун оған шығармашылық тапсырманы орындауға көмектесті, бірақ техникалық бөлікке Виктория жауапты болды.
– Мені бұл құзіреттілік қызықтырады, себебі бейнеконтент өндіру бүгінде сұранысқа ие шеберлік болып табылады, бірақ біз кино, жарнама және теледидар туралы айтып отырған жоқпыз. Білім беруден өндіріске дейін түрлі саланың мамандары бейнеролик жасай білуі керек, бұл - уақыт талабы. Бұл дағды қызметкерді бәсекеге қабілетті етеді. Ешкімді бей-жай қалдырмайтын өте өзекті тақырыпта бейнеролик жасауға тура келді. Есірткі бірнеше өмірді құртты, бірақ біздің жағдайды өзгертетін күшіміз бар. Сондықтан байқауға қатысу екі есе қызықты әрі жауапты болды, – дейді Виктория Кособкова.
Дәстүрлі түрде WorldSkills колледжішілік іріктеуіне қатысатын студенттер колледжде оқыған уақыт ішінде тиісті дағдыларды дамытып, диплом алған кезде оларды ең кәсіби деңгейге жеткізеді.
Биылғы жылы колледжішілік іріктеуден 12 құзырет бойынша 500-ге жуық адам өтті. Жақында ең мықтылар 11 құзырет бойынша WorldSkills Pavlodar кәсіби шеберлік чемпионатының облыстық кезеңінде колледждің намысын қорғайды.