ERG Skills International: Ақсуда халықаралық кәсіби шеберлік чемпионаты басталды
Байқау жас мамандар мен студенттерге жаңа мүмкіндіктер сыйлайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласында жас мамандар мен студенттер арасындағы халықаралық кәсіби шеберлік байқауы – ERG Skills International 2025 салтанатты түрде ашылды. Бұл маңызды шара жас таланттардың кәсіби қабілеттерін шыңдауға, өзара тәжірибе алмасуға және білім көкжиегін кеңейтуге арналған ерекше алаңға айналды.
Байқауға барлығы 29 команда, шамамен 200 қатысушы мен сарапшы қатысуда. Олар 13 түрлі құзыреттілік бойынша өз шеберліктерін сынайды. Қатысушылар Қазақстанның түрлі аймақтарынан, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясынан келген. Халықаралық деңгейдегі чемпионатқа ERG компаниясының «Хром», «Темір», «Алюминий», «Энергетика» және «Көмір» дивизиондары, «Kazakhmys Smelting», «Qarmet», «Алтыналмас» кәсіпорындары, сондай-ақ еліміздің жетекші техникалық және политехникалық колледждері мен университеттерінен құралған командалар қатысып отыр.

Кәсіби шеберлік байқауы – жұмысшы мамандықтарының тиімділігін арттыруға, өндіріс мәдениеті мен жұмыс сапасын ұдайы жетілдіруге және кәсіби беделін нығайтуға бағытталған маңызды іс-шара. Қатысушылар нақты тапсырмалар орындау арқылы тәжірибе жинақтап, кәсіби дамуға мүмкіндік алады.
Байқаудың ұйымдастырушысы – Eurasian Resources Group (ERG). Сайыс барысында WorldSkills халықаралық стандарттары қолданылады, ал жеңімпаздар шетелде тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болады.

Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріпов өз құттықтау сөзінде байқаудың маңызын атап өтті.
– Ақсу – Павлодар облысының өндірістік жүрегі. Осындай ортада өтіп жатқан форумның маңызы ерекше. Бұл – тәжірибе алмасудың, идеялар мен инновациялардың тоғысқан ордасы. ERG Skills International чемпионаты – өнеркәсіп пен инновацияны, еңбек дағдылары мен кәсіби шеберлікті дәріптейтін маңызды алаң. Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында өтетін ауқымды шара жай ғана конкурс емес – бұл шеберлік, технология және адам талантының мерекесі. 200-ден астам қатысушы мен сарапшы іс-щара – адам капиталының дамуына қосылған зор үлес. Осындай бастамалар жаңа индустриялық элитаны, заманауи технологияларды меңгерген жас мамандарды қалыптастырады, – деді шаһар басшысы.
Қала әкімі барлық колледж жетекшілеріне, тәлімгерлер мен сарапшыларға алғыс білдіріп, олардың еңбектерінің арқасында кәсіби білім мен жұмысшы мамандықтарының беделі артып келе жатқанын атап өтіп, ERG Skills International 2025 халықаралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болуын тіледі.

«ERG» компаниясының «ЕЭК» АҚ бас директоры Дүйсен Мерғалиев те өз сөзінде чемпионат – болашаққа бағытталған қозғалыс, жас талант пен еңбек қуатын біріктіретін алаң екенін тілге тиек етті.
– ERG Skills алғашында жас мамандарды біріктіретін бастама ретінде басталған, ал бүгінде ол халықаралық деңгейге көтерілді. Біз жас мамандардың өз әлеуетін ашып, халықаралық компанияларда жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болуын қалаймыз. Жыл сайын үздік қатысушылар дипломмен қатар нақты жұмыс пен тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болады. Себебі ERG компаниясы – Қазақстан индустриясының болашағын қалыптастырып жатқан орта. Бұл чемпионаттың Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өтуі – ерекше символдық мәнге ие. Бұл Мемлекет басшысының жастарды қолдау және кәсіби білімді дамыту жөніндегі тапсырмаларымен үндеседі, – деді энергетика дивизионының басшысы.
Ол барлық қатысушыларға сенімділік, кәсібилік және шабыт тілеп, осы бес күн олар үшін жаңалық пен жетістікке толы болуына ниет білдірді.

Салтанатты рәсім барысында қатысушылар мен сарапшылар сахнаға көтеріліп, ант мәтінін бірге оқыды. Чемпионат қатысушылары, регламент пен ережелерді қатаң сақтауға, жоғары деңгейдегі кәсіби дайындық пен шеберлікті көрсетуге, қарсыластарға, сарапшылар мен ұйымдастырушыларға құрметпен қарауға, өз құзыреттілікттерін лайықты деңгейде танытуға және WorldSkills пен ERG Skills қозғалысының Қазақстандағы дамуына өз үлестерін қосуға ант етті.
Өз кезегінде чемпионат сарапшылары, қатысушылардың еңбегін әділ және бейтарап бағалауға, кәсібилік стандарттарын сақтау мен дамытуға, Skills International қозғалысының өркендеуіне үлес қосуға ант етті.

– Бұл іс-шараның маңызы өте зор, әсіресе жастар үшін. Ол олардың кәсіби дағдыларын дамытып, өздерін көрсетуге мүмкіндік береді. Мұндай конкурсқа қатысу – жас мамандардың мансап жолындағы алғашқы маңызды қадамдарының бірі, – дейді Ақсу ферроқорытпа зауытының өкілі, байқау сарапшысы Александр Конев. – Қатысушылардың деңгейі жылдан жылға артып келеді, сондықтан бағалау барған сайын қиындай түсуде. Барлығы жоғары дайындықта. Біз, сарапшылар, әділ және тәуелсіз түрде бағалаймыз.
Сарапшы чемпионаттың Ақсуда өтуі де символдық мәнге ие екенін алға тартты. Себебі, бұл қала – өндіріс орталығы. ERG компаниясы жастарды қолдап, олардың дамуына барлық мүмкіндік жасап отыр.
Өз ісінің шебері екенін дәлелдеуге ниеттілердің қатарында – «Қазақстан алюминийі» АҚ филиалының электростанциясында еңбек ететін 19 жастағы Қайсар Дәулетбай бар. Ол байқауға «Металл жону» құзыреттілігі бойынша қатысып жатыр.

– Бүгінгі конкурс өте үлкен масштабтағы сайыс. Үміт көп, жүлделі орыннан көрінеміз деген сенімдемін. Бізге сызбалар арқылы жаңа бөлшектер жасау тапсырмалары беріледі. Мұндай жарыстарға бұған дейін де қатысқанмын: 2024 жылы өткен WorldSkills Павлодар чемпионатының жеңімпазы болдым, ал биылғы EnergySkills аймақтық чемпионатында жүлдегер атандым, – дейді Қайсар Дәулетбай.
Байқау бес күнге созылады. Осы кезеңде қатысушылар жарыстармен қатар, бизнес пен білім беру мекемелерінің өзара байланысын нығайтуға арналған шараларға қатысады. Олардың қатарында білім мен бизнестің ықпалдастығы туралы дөңгелек үстел, ERG корпоративтік университеті күні, колледждер мен ERG альянсы форумы және ERG кәсіби біліктілікті мойындау орталығының ашылуы бар.
ERG Skills International 2025 – бұл жай ғана кәсіби жарыс емес, ол өнеркәсіп пен инновацияның, еңбек пен таланттың тоғысқан мерекесі. Бұл байқау жас мамандарға жаңа тәжірибе мен шабыт сыйлап, олардың кәсіби жолындағы алғашқы үлкен қадам болмақ.
Чемпионат аясында дүниеге келген жаңа идеялар мен серіктестік бастамалар Қазақстан индустриясының болашағына үлес қосатыны сөзсіз.
Серіктестік материал