Шарбақты ауданында механизаторлар мен жүргізушілер тапшы
Шалдай ауруханасында 14 бос жұмыс орны бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Шарбақты ауданы әкімінің орынбасары Сержан Иманқұловтың айтуынша, оңтүстік өңірлерден ауданға 36 отбасы, 164 адам қоныс аударған. Бұл шағын ауылдардың дамуына оң әсерін тигізген. Бұдан бөлек, 11 отбасы, 45 қандас көшіп келген.
– Дегенмен ауданда әлі де кадр тапшылығы бар. Мысалы, Шалдай ауруханасында 14 бос жұмыс орны бар. Ауыл шаруашылығына да кадрлар қажет. Механизаторлар жетіспейді. Автобус жүргізушілерінің тапшылығы да мазалайды. Бірақ та аудандық тұрғындар қоғамдық жұмыстарға тартылуда. Қазірдің өзінде 200-ден астам адам жұмысқа қабылданды. Осы жылдан бастап олармен келісімшарттарды ұзартуға болады, – дейді Сержан Иманқұлов.
Сондай-ақ ол кезінде басқа ауылдардан қарағанда әлдеқайда артта қалған Марьяновка ауылы екі-үш үйдың ішінде көркейіп қалғанын атап өтті.
– Марьяновка ауылын жауып тастамақ болғанбыз. Бірақ қоныс аудару бағдарламасы аясында жаңа тұрғындарға үйлер сала бастадық. Қазір ол жерде алты отбасы тұрады. Олар өзара бірігіп, фермалар салып, мал өсіріп жатыр. Сондықтан бізде дамымай қалған ауылдар жоқ, – дейді әкімнің орынбасары.
Жастардың бизнес-бастамаларына шағын несие беру бағдарламасы бойынша бес миллион теңгеге дейін жылдық 2,5 пайызбен несие береді. Жеті жылға дейін ұсынылатын несиенің көмегімен жеті жеке кәсіпкер жұмыс істеп жатыр. «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 86 адам білім алып, 14-і грантқа ие болды.
Айта кетерлігі, ауданда 2024 жылы Шалдай ауылында мектеп пен мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 932 миллион теңгеге жалпы ұзындығы 19 шақырымды құрайтын жолдар салынады. Тұрғындардың өтініші бойынша Арбиген, Александровка, Маралды және Есілбай ауылдарында шағын футбол алаңдары салынады. Ал ауданда тағы бір дене шынықтыру орталығы салынады.
Әсия Серікова