Павлодарлық университетке Тәжікстан студенттері білімдерін жетілдіруге келді
Жергілікті оқытушылар шетелдік студенттерді домбыра мен бауырсақпен қарсы алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Марғұлан университетінде С. Айни атындағы Тәжікстан мемлекеттік педагогикалық университетінің бес студенті «Шет тілі: екі шет тілі» және «Көркем еңбек, графика және жобалау» білім беру бағдарламалары бойынша мамырға дейін білім алады.
Оқытушылар шетелдік студенттерге университет ғимараты бойынша экскурсия өткізіп, жатақханаға орналастырды. Марғұлан университеті зерттеулерді қолдау департаменті интернационалдандыру бөлімінің маманы Айжан Шапкенованың сөзінше, жастар академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білімдерін жетілдіруге келді.
– Марғұлан университеті шетелдік жоғары оқу орындарымен тығыз жұмыс істейді. Басты мақсаты – академиялық тәжірибе алмасу және ағылшын тілін меңгеру деңгейін жаңа сатыға көтеру. Студенттер бакалавриат бойынша 1-3-курста білім алады. Тәжірибелі оқытушыларымыз жаңа әдістеме, бағдарлама бойынша білім береді. Ал «Көркем еңбек, графика және жобалау» мамандығы бойынша келген студенттер университеттің шеберханаларында тәжірибе жөнінде өздерінің шеберліктерін шыңдайды, – дейді Айжан Шапкенова.
Айта кету керек, Марғұлан университетінің студенттері – әртүрлі халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламаларының белсенді қатысушылары. Жыл басынан бері 18 студент басқа үздік жоғары оқу орындарында білім алуда. Оның ішінде сегіз студент ішкі бағдарлама бойынша оқиды.