Павлодарлық «Алтын белгіге» үміткерлер Ғани Бейсембаевпен кездесті
Шараға елімізде үздік оқу үлгерімімен ерекшеленген 7 мыңнан астам мектеп бітіруші қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәлімдеуінше, Павлодар облысынан «Алтын белгі» аттестатына 161 үміткер қатысты. Өңіріміздің қалалары мен аудандарынан 12 қосылу нүктесі болды. Сонымен қатар кездесуге Баянауыл ауданы Шапық Шөкин атындағы ЖОББМ-нің 2023 жылдың түлегі Аружан Қайыргелді қатысты.
Үздік оқу үлгерімімен ерекшеленген 7 мыңнан астам мектеп бітірушіге министр өзінің ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар берді. Ғани Бейсембаев мектепте алған білімнің болашақта кәсіби табысқа жетудің мықты іргетасына айналарына сенімділік білдірді.
- Білім - бұл кез келген табыстың іргетасы. Сендердің биік мақсаттарға жетуге деген талаптарың мен табандылықтарың қуантады. Мектеп қабырғасында белсенді болып, өздеріңізден кейінгі оқушыларға үлгі бола білгендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Биылғы жылы 186 мың мектеп бітіруші өмірлеріндегі жауапты сәтке қадам басқалы отыр. Әрқайсыларыңыз алдағы емтиханды сәтті тапсырып, өз мақсаттарыңызға қол жеткізесіздер деп сенемін. Сіздерге білім жолында үнемі ізденіс пен талпыныс, табыс пен сәттілік тілеймін,- деді Ғани Бейсембаев.
Кездесуге сондай-ақ өткен жылғы «Алтын белгі» иегерлері де қатысты. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, биылғы үміткерлерді білім шыңына шабыттандырды.
- Ғани Бектайұлы, өткен жылы «Алтын белгі үміткерлерімен болған кездесуде, бізге жолдаған жігерлендіретін сөздеріңіз, менің педагогикалық бағытты таңдауыма түрткі болды. Қазіргі таңда «Астана Халықаралық Университетінің» педагогикалық институты факультетінің үздік студентімін. Бұл мамандықты таңдауымның себебі - Отанымыздың мерейін үстем ету жолында келешек ұрпақты білімді, еліміздің патриоты, қоғамның жанашыры және бәсекеге қабілетті жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелеп, оқытып жүрген ұстаздарымның еңбегі, - дейді Аружан Қайыргелді.
Кездесу кезінде түлектердің әрқайсысы өздерінің жетістіктері туралы айтып, болашаққа жоспарларымен бөлісті, министрге сұрақтарын қойды, пікір алмасты. Кездесуге қатысушылар сапалы білім алу мүмкіндігін беріп, қолдау танытқан еліміздің үкіметіне алғыстарын білдірді.