Аққулы ауданында оқушыларға нашақорлықтың салдары түсіндірілді

Аққулы ауданында оқушыларға нашақорлықтың салдары түсіндірілді
Фото: Константин Шелков

800 оқушы қатысқан кездесу онлайн және офлайн форматта болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аққулы ауданының білім беру ұйымдарында нашақорлықтың алдын алу, жастарды құқықтық тәрбиелеу және ақпараттандыру мақсатында «Есірткісіз БОЛАШАҚҚА!» атты пайдалы ақпарат сағаты өтті.

Облыстық полиция департаменті мен Аққулы ауданы прокуратурасының қызметкерлері спикерлер ретінде сөз сөйледі.

– Іс-шара барысында есірткі қолданудың салдары, есірткі мен психотроптық заттарды қолдану мен тарту әдістері, нашақорлық пен қылмыстың өзара байланысы туралы айтылды, – деді прокуратура қызметкері.

Мамандардың ақпаратын тыңдай келе, балалар нашақорлық - өлімге әкелетін ауру екендігін түсінді. Ал ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, есірткінің заңсыз айналымына байланысты әрекет жасағандар 15 жыл және одан жоғары мерзімге бас бостандығынан айырылатынын білді.

Кездесу соңында жасөспірімдерге тақырыптық бейнероликтер көрсетіліп, «Психологиялық релаксация минуты» тренингі өткізілді. Мектеп фойесінде нашақорлық проблемасына, ел халқының денсаулығы мен ұлттық қауіпсіздікке жаһандық қатер ретіндегі проблемаларға арналған кітаптар, брошюралар, журнал мақалалары ұсынылған «Есірткіге - жоқ деп айт!» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Мамандар балалар салауатты өмір салтын ұстанудан ләззат алып қызықты өмір сүрсе, бір-бірімен жақсы қарым-қатынас жасауды үйреніп, шығармашылықпен айналысса, сонда әр адамға бақыттың жасанды алмастырғыштары қажет болмайтынын айтты.