Павлодарлық жас ақын Есенинді қазақша сөйлетті

Павлодарлық жас ақын Есенинді қазақша сөйлетті
Фото: Еламан Қабділәшім

Еламан Қабдыләшім ақынның өлеңдерін қазақ тіліне аударған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жас ақынның Сергей Есениннің өлеңдерін қазақ тіліне аударған кітабы Мәскеудегі Есенин атындағы мәдениет орталығындағы көрмеге қойылды. Орталық директоры, Ресейдің халық әртісі, киноактер әрі режиссер Сергей Никоненко павлодарлықтарға алғыс сөздері жазылған бейнеролик түсірді.

Сергей Никоненко – кинода ақын Сергей Есенинді сомдаған алғашқы актер. Бұл 1973 жылы шыққан «Ән айт, ақын...» фильміндегі басты рөл болды. Никоненко өмір бойы Есениннің шығармашылығына қызығушылық танытқан. 1994 жылы Мәскеуде ақынның бұрынғы әйелі Анна Изряднованың Сивцев Вражек көшесіндегі пәтерінде өзінің мұражайын ашқан. Жақында көрме «Найзатас» және «Халық радиосы» журналының қызметкері, журналист жерлесіміз Еламан Қабдыләшімнің «Өмірқос» жыр жинағымен толықты.

– Есенин поэзиясының қазақ тіліне аударылған тамаша көшірмесі үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді. Мен барлық еуропалық аудармаларды жинадым, тіпті өзбек және вьетнам тілдеріндегі аудармалары да бар, бірақ қазақшасы жоқ, – деді бейнеүндеуінде Сергей Никоненко.

 С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың шығармашылық өнер орталығының меңгерушісі Марал Тәженова кітаптың халықаралық аренаға шығуына себепші болған.  

– Маған Светлана Кравченко театрдан қоңырау шалды. Чехов және Есенин бойынша қазақша еңбектер тауып беруді өтінді. Дүкендерде ештеңе болған жоқ. Кітапхана қорында ескі аудармалар жинағы ғана бар еді. Біз оны сканерлеп, басып шығардық. Еламан Қабдыләшімге хабарластым. Ол Есенин өлеңдерін аударғанын, бірақ бір ғана кітап қалғанын айтты. Есенин мұражайына тапсыруға келісті. Кітап Павлодарда «Махаббат пен көгершін» пьесасын қойған мәскеулік режиссер Игорь Меркулов арқылы таратылды, – дейді Марал Тәженова. 

«Өмірқос» жинағында Есенинге арнау өлеңінен бөлек оның қазақ тіліне аударылған төрт өлеңі бар. Олардың қатарында «Көк от шықты...», «Сүйікті ел! Жүрек армандайды...» өлеңдері бар. «Өмірқос» кітабын «e-kitap.k»z интернет-кітапхана сайтынан оқуға болады.