Париждей қала іздеп жүрміз. Қимақ қалаларын табу неге қиын?

Париждей қала іздеп жүрміз. Қимақ қалаларын табу неге қиын?
Фото: Валерий Бугаев

Қимақтар мен қыпшақтардың тарихы, Алтын Орда дәуіріндегі Ертіс өңірінің орны – ғалымдар әлі де жауабын іздеп жүрген тақырыптар. Павлодар мен Астана зерттеушілері тарихи деректер мен археологиялық олжаларды салыстырып, орта ғасырлардағы өңірдің тыныс-тіршілігін зерделеп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар мен Астана ғалымдары «Моңғол империясы мен Алтын Орда дәуіріндегі Ертіс өңірі» атты дөңгелек үстелге жиналды. Олар орта ғасырларда Ертіс өңіріндегі өмірдің қалай өзгергенін және сол кезеңнің тарихын зерттеуге қандай олжалар көмектесетінін талқылады.

Ертіс өңірінің ежелгі халқы кім?

Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының жетекшісі, PhD докторы Жақсылық Сәбитов «XIII–XV ғасырлардағы Ертіс өңірінің халқы» тақырыбында баяндама жасады. Тарихшының айтуынша, сол кезеңдегі өзгерістерді түсіну үшін әртүрлі тарихи деректерге сүйеніп, өңірдің моңғол шапқыншылығына дейінгі тарихын да ескеру қажет.

– Ең алдымен, осы өңірдің моңғол шапқыншылығына дейінгі халқына тоқталу керек. XI ғасырға дейін мұнда Қимақ қағанаты үстемдік құрғанын білеміз. Кейін қағанат ыдырап, оның орнына түрлі хандықтар пайда болды. Соңғы зерттеулер Қазақстан аумағында өмір сүрген қаңлылар мен қимақтар бір халық болуы мүмкін деген ойға жетелейді. Яғни бұл – ортақ тарихи мұраның бір нұсқасы, – деді Жақсылық Сәбитов.

Ғалым бұл болжамды әлі де зерттеп, талқылау қажет екенін айтты. Мәселен, кейбір тарихи деректерде «қимақтар» мен «қаңлылар» атаулары неге бір мағынада қолданылғаны әзірге түсініксіз.

Алтын Ордада қыпшақ ықпалы неге күшейді?

Марғұлан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Нұркен Күзембаев «Алтын Ордадағы қыпшақ факторы» тақырыбында баяндама жасады. Ол моңғолдар құрған мемлекетте түркі тілі мен қыпшақ мәдениетінің біртіндеп қалай күшейгенін түсіндірді.

Тарихшы бірнеше ғылыми көзқарасты таныстырды. Соның бірі археолог Герман Федоров-Давыдовтың зерттеулеріне негізделген. Ол бұл өзгерістерді түрлі мәдениеттердің араласуымен және көшпелі халықтардың бірігуімен байланыстырған. Соның нәтижесінде жаңа халық топтары қалыптасқан.

Ал тарихшы Дамир Исхаковтың еңбектерінде моңғолдардың түркі-татар мәдениетіне бейімделу үдерісі қарастырылады. Бұл бағытта татарлардың рөліне ерекше мән беріледі.

Нұркен Күзембаев қыпшақ ықпалының күшеюіне әсер еткен бірнеше себепті атады.

– Меніңше, Алтын Орданың қыпшақтану үдерісін түсіну үшін бірнеше факторды ескеру керек. Соның бірі – туыстық байланыстар. Қимақтар, қыпшақтар, татарлар мен моңғолдар арасында неке арқылы, соның ішінде билеуші әулеттер арасында да туыстық қатынастар болған. Бұл олардың арасындағы саяси және туыстық байланысты нығайтты. Мысалы, татарлар бұрын Ертіс бойындағы қимақ тайпалық бірлестігінің құрамында болған. Сондықтан қимақтармен, қыпшақтармен және басқа тайпалармен туыстық байланысы болған, – деді Нұркен Күзембаев.

Екінші себеп – халық саны. Жергілікті түркі халқы саны жағынан басым болды. Олардың тілі мен мәдениеті де кең тараған еді. Ал моңғолдар негізінен әскери топтан тұрды. Олардың арасында ер адамдар көп болған.

Тарихшының айтуынша, жазба деректерде моңғолдардың көшіп келуіне қатысты әртүрлі мәлімет бар. Бірінде төрт мың отбасы, енді бірінде тоғыз мың киіз үй туралы айтылады. Алайда мұндай сандарды әскердің құрамы мен соғыс кезіндегі шығындарды ескере отырып қарастыру қажет.

Нұркен Күзембаев Шыңғыс хан әскерінің саны шамамен 150 мың жауынгер болған деген болжамды да келтірді. Бірақ олардың арасында тек моңғолдар ғана емес, қыпшақтар, қарлұқтар, ұйғырлар және қытайлық әскери инженерлер де болған. Сондықтан әскердің жалпы санын моңғолдардың көшіп келген саны деп есептеуге болмайды.

Қыпшақ ықпалының күшеюіне тіл де әсер етті. Қыпшақ тілі Дунайдан Алтайға дейінгі үлкен аумақта халықтардың өзара сөйлесуіне мүмкіндік берген. Тарихшы оның сол кездегі рөлін қазіргі ағылшын тілімен салыстырды.

– Тағы бір маңызды фактор – ішкі саяси жағдай. Австралиялық моңғолтанушылардың деректеріне қарағанда, 1200–1368 жылдары Моңғол империясында 60 қыпшақ қызмет еткен. Олар қарапайым жауынгерлер емес, әскери және әкімшілік салаларда жоғары қызмет атқарған адамдар болған, – деп толықтырды Нұркен Күзембаев.

Бұл мәлімет моңғолтанушы Игорь де Рахевильцтің зерттеуіне негізделген. Ондағы 60 саны Моңғол империясында қызмет еткен барлық қыпшақтың жалпы саны емес, ғалым анықтаған қыпшақ өкілдерін білдіреді.

Тарихшы мәдени байланысты да маңызды факторлардың бірі деп атады. Ол араб-қыпшақ сөздіктері мен грамматикаларын, армян-қыпшақ жазуын, Жаңа Сарай мен Сарайшықтан табылған жазуларды және Алтын Орда дәуіріндегі түркі тіліндегі халық шығармаларын мысалға келтірді.

Неліктен жазба деректер мен археологиялық мәліметтер сәйкес келмейді?

Қазір бұл кезеңге қатысты археологиялық олжалар аз. Г. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі археология, палеонтология және қазіргі заманғы табиғат ғылыми қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі Георгий Пересветов Павлодар облысынан қыпшақ дәуіріне жататын екі жерлеу орны табылғанын айтты. Олар әлі толық зерттелмеген.

– Жалпы, бұл кезеңнің ескерткіштері көп емес. Барлық деректі бір-бірімен байланыстыру қажет. Қай халық кімге ықпал етті, бұл жерде кімдер өмір сүрді, археологтардың мәліметтерімен қалай салыстыруға болады деген сұрақтарға жауап іздеу керек, – деді Григорий Пересветов.

Кездесуге қатысушылар жазба деректер мен археологиялық олжаларды бірге зерттеу қажет деген пікірге келді. Мамандар бірлесіп жұмыс істемесе, өңірдің өткен тарихын толық қалпына келтіру қиын.

Нұркен Күзембаев жазба деректерде қыпшақтар туралы көп айтылғанымен, олардың нақты археологиялық іздерін табу неге қиын екенін түсіндірді.

– Жазба деректерде бір мәлімет кездессе, археологиялық зерттеулерде неге басқа көрініс байқалады? Себебі қыпшақ деп бірлестікке кірген барлық тайпаны атаған. Олардың арасында арғындар, қаңлылар, қарлұқтар, оғыздардың бір бөлігі, печенегтер және басқа да тайпалар болған. Яғни олардың барлығы ортақ «қыпшақ» атауымен белгілі болып, қыпшақ тайпалық бірлестігіне кірген. Сондықтан жазба деректерде қыпшақтар өте көп болып көрінеді. Өкінішке қарай, Қазақстанның далалық бөлігі әлі де аз зерттелген. Бұл туралы белгілі ғалым Әлкей Марғұлан да Сарыарқа даласын зерттеген еңбектерінде жазған, – деді тарихшы.

Бұл бағытта жекелеген археологтар зерттеу жүргізіп келеді. Алайда үлкен экспедициялар ұйымдастыру жетіспейді.

Қимақ қалаларын қайдан іздеу керек?

Нұркен Күзембаев қимақ қалаларының қай жерде орналасқанын да сөз етті. Ғалымның болжамынша, олардың кейбірі Солтүстік-Шығыс Жетісу мен Омбы маңындағы Ертіс бойында болуы мүмкін. Бірақ қазір табылған кейбір ескерткіштер басқа мәдениеттерге жатқызылып жүр. Сондықтан алдымен қимақ қалаларының қандай белгілері болғанын анықтау қажет.

Тарихшы археолог Карл Байпақовтың 1978 жылы жарық көрген «Төрткүл үлгісіндегі қалашықтар» атты еңбегін мысалға келтірді. Төрткүлдер – төрт бұрышты етіп салынған, қорғаныс қабырғалары бар көне қоныстар.

– Бәлкім, бұл билеушінің ордасы болған шығар. Оның айналасында бірнеше тұрақты ғимарат пен көшпелі ақсүйектер тұрған көптеген киіз үй орналасқан болуы мүмкін. Билеуші жазғы немесе қысқы ордасына көшкенде, бүкіл халқы да бірге қоныс аударған. Ал бұрынғы орнында бірнеше ғимарат қана қалған. Біз Париж сияқты үлкен қаланы іздеп жүрген сияқтымыз. Бірақ шын мәнінде, мұндай қаланы таппауымыз да мүмкін, – деді Нұркен Күзембаев.

Тарихшының айтуынша, Алтын Орда қалаларына барған саяхатшылар тұрақты ғимараттармен қатар, олардың айналасында көптеген киіз үй болғанын да жазған. Сондықтан орта ғасырларда қала көлемін анықтағанда, көшпелілердің үлкен қоныстары да есепке алынған болуы мүмкін. Бұл олардың қала туралы түсінігін қазіргі өлшемдерден өзгеше еткен.

Баянауыл ауданынан қандай олжалар табылды?

Тарих ғылымдарының кандидаты, Ертіс өңірінің тарихын зерттеуші Виктор Мерц археологтар табылған заттардың тарихын анықтау үшін көп жұмыс атқаратынын айтты. Ол үшін жәдігерлерді зерттеп, бір-бірімен салыстырып, қай кезеңге жататынын анықтау қажет. Кейде бір дәуірді зерттеу барысында басқа кезеңге қатысты жаңалықтар да ашылады.

– Зерттеу кезінде кейінгі кезеңдерге де үңілуге тура келеді. Археологтарымыз Баянауыл ауданындағы қола дәуіріне жататын екі қонысты зерттегенде, темір шлактарының қалдықтарын тапты. Біз бұл жерлерді темір өндірудің қашан пайда болғанын зерттеу үшін қарастырдық. Нәтижесінде ерте және орта ғасырларға жататын көптеген зат анықталды. Сонымен қатар темір шлактары көп жиналған орындарды тауып, кейін оларды зерттедік, – деді Виктор Мерц.

Табылған заттардың жасын анықтау үшін мамандар радиокөміртектік талдау жасаған. Дегенмен кейбір металл бұйымдардың нақты қай кезеңге жататынын анықтау қиын.

Тағы бір маңызды мәселе – бұл заттарды қай халық пайдаланғанын білу. Өйткені археологиялық бұйымдарға қарап, адамдардың қай тілде сөйлегенін немесе қайдан шыққанын бірден анықтау мүмкін емес. Мұндай жағдайда жазба деректер көмектеседі.

Тарихи олжаларды қалай байланыстыруға болады?

Алтын Орда мұрасының маңызы туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Орда дала өркениетінің үлгісі ретінде: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда да айтқан болатын.

«Алтын Орда тарихын Еуразияның орталығында мың жылдан астам уақыт бойы қалыптасқан бай мәдени және зияткерлік мұрадан бөліп қарастыруға болмайды. Орта ғасырларда Ұлы дала озық идеялар қалыптасқан әлемдік орталықтардың біріне айналғаны белгілі», – деп атап өтті Президент.

Ертіс өңірінің тарихын зерттеушілер үшін әлі де жауапсыз сұрақтар бар. Соның ішінде қимақ қалаларының қандай болғаны және қыпшақ дәуіріндегі жерлеу орындарын қандай белгілер арқылы анықтауға болатыны әлі де зерттеуді қажет етеді.

Фото: Валерий Бугаев және Торайғыров университетінің медиа-орталығы