Павлодар филармониясы шығармашылық маусымын аяқтайды

Павлодар филармониясы шығармашылық маусымын аяқтайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Әртістер демалысқа шығар алдында «Ertis Promenade» алаңында өнер көрсетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық Иса Байзақов атындағы филармония кезекті шығармашылық маусымын аяқтауға дайындалуда. Аймақтың ең ірі концерттік-гастрольдік ұйымының ұжымдары алдағы күндері жаңа бағдарламаларын ұсынып, кейін демалысқа шығады. 8 маусым күні филармония сахнасында симфониялық оркестр өнер көрсетеді. Көрермендерге қызықты концерттік бағдарлама ұсынылады.

Мәдениет майталмандарының айтуынша, аяқталғалы отырған маусым филармония тарихындағы ерекше кезең болды. 

Маусым өте жарқын әрі креативті жобаларға толы болды. Оркестрлер, камералық хор, «Лад» ансамблі, «Ретро» эстрадалық тобы, «Нұр» және «Шернияз» би ұжымдары маусым бойы тың әрі ауқымды бағдарламаларды ұсынды. Сондай-ақ ұжым қала көлеміндегі түрлі шараларға белсенді қатысты, – деді филармония басшысының орынбасары Сауле Мұқаева,

Павлодарлықтар филармония әртістерінің өнеріне ерекше құрметпен қарайды, концерттер әрдайым аншлагпен өтеді. Кейбір концерттерге билеттер алдын ала сатылып кетеді.

Көрермендердің есінде ерекше қалған жобалардың бірі – Алмас Мұқатай, Айбар Ашкеев және Әліжан Қазбеков өнер көрсеткен «Баритондар триосы» концерті болды. Оларға сахна төрінде жас әрі талантты пианист Ерлік Сайырхан концертмейстер ретінде алғаш рет қосылды. Сонымен қатар, Жібек Айтбаева, Серік Рысбек және Мади Бахтияровтың қатысуымен өткен «Қараша бәрін өзгертеді» концерті де үлкен табысқа жетті. «Жаңа жыл Парижде» атты ауқымды жоба филармонияның барлық ұжымының бірлескен еңбегінің нәтижесі болды. Көптеген концерттер көрермендердің сұранысы бойынша қайта қойылды, – деді ауқымды авторлық концерттік бағдарламалардың сценарий авторы Әлия Нұрымбетова.

Дәстүр бойынша, демалысқа шығар алдында филармония әртістері «Ertis Promenade» жазғы алаңында өнер көрсетеді. Келесі шығармашылық маусым қыркүйекте мүлде жаңа концерттік бағдарламалармен ашылады.