Павлодарлық жас бишілер елорда сахнасын бағындырды
Олар жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
М.Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайының «Жұлдыздар» заманауи би студиясы – Астана қаласында өткен «Жүректен биле» халықаралық конкурсында аймақ намысын абыроймен қорғады. Іс-шара ұйымдастырушысы – PLANETA DANCE компаниялар тобы.
Біздің бишілер «Эстрадалық және заманауи би» номинациясында үш хореографиялық қойылым көрсетті. Атап айтқанда: «Таң атады», «Құпия агенттер», «Жас ғарышкерлер».
Жарыс қорытындысы бойынша «Жас ғарышкерлер» биі гран-при ұтып алса, қалған екі биді қазылар алқасы бірінші орынға бағалады.
Кіші топ және орта топ қатысушылары жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлікті, сахналық еркіндікті және шығармашылықты көрсетті. Барлық бишілер медальдармен және дипломдармен марапатталды. Ал студия жетекшісі Анжела Тактауловаға кубок пен Алғыс хат табысталды.