Павлодар облысының дарынды оқушылары олимпиадаға қатысып, грант ұтып алды

Павлодар облысының дарынды оқушылары олимпиадаға қатысып, грант ұтып алды
Фото: облыстық білім басқармасы

Облыс намысын қорғауға 10-нан астам оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасының хабарлауынша, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде 11 сынып оқушылары арасында жаратылыстану-математикалық цикл пәні бойынша XVI Президенттік олимпиада сайысы өтті. Екі күн ішінде Қазақстанның барлық өңірлерінен 199 оқушы үздік болу құқығы үшін күресті. Павлодар облысының 13 оқушысы олимпиадаға қатысқан болатын. 

Президенттік олимпиадасының республикалық кезеңінде павлодарлық оқушылар алты жүлделі орынға ие болды. 

Дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің оқушылары Ростислав Сурин,  Алуа Бисимбаева және Павлодар қаласының А.Байтұрсынұлы атындағы инновациялық үлгідегі ЖОББ мектебінің оқушысы Нариман Әбішев бірнші дәрежелі дипломмен марапатталды.  

Ал дарынды балаларға арналған № 3 гимназиясының оқушысы Яна Солдатенкоға  екінші дәрежелі диплом табысталды. 

Үшінші дәрежелі дипломға Екібастұз қаласының  дарынды балаларға арналған мамандандырылған № 1 лицей-мектебінің оқушысы Александр Людинин және Екібастұз қаласының №35 мектеп-гимназиясының оқушысы Рауан Темкешев ие болды.

Байқау қорытындысы бойынша, Ә. Бөкейхан университетінің 100 пайыздық гранты Ростислав Сурин, Алуа Бисимбаева, Яна Солдатенкоға берілді. Ал Нариман Әбішев Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне грант ұтып алды.