Сыни тұрғыдан ойлау: Павлодарда студенттер арасында республикалық пікірсайыс өтті
Оған Қазақстанның өңірлерінен келген 80-нен астам студент қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Торайғыров университетінде «President cup IV» республикалық пікірсайыс турнирі өтті. Турнирге Алматы, Қостанай, Көкшетау, Астана, Семей, Өскемен, Петропавл, Қарағанды, Арқалық және тағы да басқа өңірден келген 80 адам қатысты.
– Сыни тұрғыдан ойлау және өз көзқарасын қорғай білу - әркімге қажет дағдылар. Бұл кез келген маманның түйіндемесінде үлкен жетістік болады. Жастарымыздың өзін-өзі дамытуға ұмтылатыны және қоғамдық өмірде белсенді екендігі қуантады. Мұның тағы бір дәлелі - біздің пікірсайысымыз. Егер де студенттер турнирге осындай құштарлықпен қатысатын болса, алдағы уақытта осындай шараны өткізетінімізге сенімдімін, – деп атап өтті ЖОО ректоры Еркін Садықов.
Ұйымдастырушылар «President» студенттік пікірсайыс клубы болды.
Пікірталас ойында экономикалық, саяси, әлеуметтік тақырыптар қозғалды.
Альфа лигасының жеңімпаздары - Ақтөбеден келген «Сендерден оқушыларымыз жақсы ойнайды» командасы. Семей қаласынан келген Аяулым Балабек үздік спикер атанды. Ал бэта лигасында Семей қаласының келген «Мияулап қалған тянькалар» командасы жеңіске жетті. Жастар алаңында Қостанайдан келген «Таргарияндар» командасы жеңіске жетсе, Петропавлдан келген Алуа Бекбаулова үздік спикер атанды.