Павлодарлық жасөспірімдер ел чемпионатын жеңіспен аяқтады
Соңғы матчта «Ақсу» ФО футболшылары турнир иелерін талқандады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Талдықорғанда 12 жастан аспаған ойыншылар арасында футболдан Қазақстан чемпионатының алтыншы туры аяқталды. «Ақсу» соңғы кездесуді жергілікті «Жетісуға» қарсы өткізді.
Павлодарлықтар қарсыласының тас-талқанын шығарып, 7:0 есебімен жеңіске жетті. Есеп Ислам Алшымбаев ұйымдастырған тамаша комбинациядан кейін ашылды. Осыдан кейін талдықорғандықтар қақпасына голдар топырлады. Жеңісті нүктені Тимофей Афельченко қойды.
Бұған дейін Нұрлан Байжұмановтың шәкірттері қарағандылық «Шахтерді» 3:0 және «Алаш» командасын 4:0 есебімен ірі жеңген болатын.
Осылайша, павлодарлықтар алтыншы тур аясында төрт жекпе-жектің үшеуінде жеңіске жетті. Естеріңізге сала кетейік, турнирдің басында Нұрлан Байжұмановтың командасы «Қайраттан» ұтылды.